САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ – САУЛЫҚ КЕПІЛІ

0

Қордай ауданында қоғам өмірінің қалыпты болуын қамтамасыз ету мақсатында ерен еңбек етіп келе жатқан сала көп. Сол сала арасынан «Ұлттық сараптама орталығы» Жамбыл облысы бойынша филиалының Қордай аудандық бөлімшесі ерекше назар аударуға тұрарлық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай, аудан тұрғындарының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын сақтау үшін қызмет атқарып келе жатқан орталықтың жас маманы, Әсел Асқармен тілдестік.

Әсел Ерденқызы Қордай ауданына қарасты, Қақпатас ауылының тумасы. Оның бұл мамандыққа деген таңдауы – қоғамға деген шынайы қамқорлығынан туындаған.

«2020 жылы Иса Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясының «медициналық-профилактикалық іс» факультетін аяқтадым. Еңбек жолымды 2023 жылы аталмыш бөлімнің санитарлық-гигиеналық зертханасының «еңбек» бөлімшесінің маманы болып бастадым. 2025 жылдың сәуір айынан бастап, санитарлық-бактериологиялық зертханасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің дәрігері болып қызмет атқарудамын», — дейді Әсел Асқар.

Кейіпкеріміздің функционалдық міндетіне – зерттеулер жүргізу, тұрғындардың денсаулығын бақылау жатады. Күнделікті құжаттарды толтырып, талдамалар алады, егер олардағы нәтижелерде қандай да бір өзгерістер болса, дереу алдын-алу шараларын қолға алады.

Бұл бөлімше халыққа сапалы қызмет көрсетуге бағытталған «Қоректік орталарды қайнатуға арналған бөлме», «Санитарлық-микробиологиялық талдауларды зерттеуге арналған бокс», «Респираторлық инфекцияларды зерттеуге арналған бокс», «Ішек инфекцияларын зерттеуге арналған бокс», «Паразитологиялық зерттеулерге арналған бөлме», «Зерттелінген лас сынамаларды автоклавпен жою бөлмесі», «Таза автоклав бөлмесі» деп аталатын арнайы заманауи кабинеттермен жабдықталған.

Жалпы, бөлімшенің мақсатына келер болсақ, тамақтан улану, жіті ішек жұқпалары және жұқпалы емес аурушаңдықтардың алдын алу, объектідегі санитарлық заңбұзушылықтарға жол бермеу және заңнамада қарастырылған санитариялық-эпидемиологиялық іс-шараларды орындау жатады. Тағы қоғамдық тамақтану орындарында жүзеге асырылатын азық-түліктердің сапасын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету де бар.

Әсел Ерденқызы сияқты мамандар – кез келген қоғамның берекесі мен денсаулығын сақтаушы, әрі дамытуға негіз болар жарқын болашақтың кепілі. Тек осындай мамандармен бірге, біз болашаққа нық сеніммен қадам аттай аламыз!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.