Облыс әкімдігі білім басқармасы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізу орталығының және «Жамбыл – адалдық алаңы» кеңсесінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Ақындар адалдықты жырлайды» атты облыстық оқушылар айтысы өтті. Іс-шараны ашқан аталған орталық директоры Балдай Ертуғанова барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айтыс қордайлық Санжар Тынышбек пен меркілік Аружан Адабаеваның арасындағы сөз сайысымен басталды. «Адалдықты жырлаймын деп қиналмаймын, Арамдықты ойлап жүрген жағдайым жоқ» немесе «Мен бүгін осы айтыстың арқасында, Кездестірдім Меркідегі нағашымды» деп жырлаған Санжарға Аружан ілесіп шаба алмағанымен, «Қызғалдақтар бүр жарған құт мекенге, Қызғалдақтар елінен келіп тұрмын» дегендей әсерлі ойларымен ерекшеленді. Жамбыл ауданының мақтанышы Алина Айдаралы – үлкендердің додасына да түсіп, ысылып қалған ақын.
«Қызыңның қабыл алшы ақ сәлемін» деп амандасуының өзін теңеумен бастаған Алина: «Ауырсаң да келіпсің осы айтысқа, Ауырсаң айтыспенен ауырғайсың» деп қарсыласы Інжу сіңлісін де қамшылап қойды. Інжу бұл ретте «Сізді көріп әпкетай, кеттім мен де жазылып» деп жауап бере келе: «Әділеттік орнаса, Ататын аппақ айым бар» немесе «Жер бетінен жемқорлық түбірімен жойылсын» деген тақырыпты аша білген шумақтарымен де ел назарын аударды.
Республикалық оқушылар айтысының бірінші орын иегері таластық Айсұлу Жүнісбектің есімін еліміздің сырт облыстары да кеңінен таниды. Ол сөзінің басын: «Қаратаулық қара қыз Айсұлумын, Айтыстан бос қайтпаған қанжығасы», деп бастауынан-ақ деңгейі байқалып тұрды. «Әсет Дүйсебаевтың қарындасы, байзақтық Балнұр ақын халің қалай?» деп айтысқа жаңа қосылып жүрген сіңлісін көтермелеп, жетелеп отырды.
Азулы әпкесімен жауаптасып айтыса алмағанымен, Балнұр: «Адал істер біздер үшін бағалы, Айтыс деген – адалдықтың алаңы» деп тақырыпты жырлай білді. Шешуші кезеңде Санжар Тынышбектің қарсыласы Алина Айдаралыға: «Осы күні үлкен додадан жүлде аласың, Әр таңың шұғылалы арай екен. Жылқының сүйегінен мүжіп жүріп, Қой етін асап жеген қалай екен?» деп әдемі тиісті. Ал Алина да осы деңгейге лайық айтысты. «Қой түгіл, қошқар болып кетсең-дағы, Мүйізіңді мырыштай балқытамын» деп әдемі әзілдеді. Айсұлу Жүнісбек пен Аружан Адабаева да шешуші айтыстың көркін қыздырды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қордайлық Санжар Тынышбек иеленді. Ал жүлделі бірінші орындарды талай жерде жеңіске жетіп жүрген жүйріктер таластық Айсұлу Жүнісбек пен жамбылдық Алина Айдаралы олжалады.
Екінші орындарға тараздық Інжу Жаңабай мен меркілік Аружан Адабаева, үшінші жүлдеге байзақтық Балнұр Ибрагимова лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қазылар алқасының мүшелері, «Жамбыл – адалдық алаңы» кеңсесінің жетекшісі Шерхан Баубеков, облыстық «Ar-ai» жастар газетінің тілшісі Қамар Қарасаева, жас айтыскер Дидар Апбасов қорытындылап, диплом және сыйлықтармен марапаттады.