САПА МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

0

ДҮЙСЕНБІ КҮНІ АУДАН ӘКІМІ МӘДЕН МҰСАЕВ ӨЗІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЕЛДОС НҰРАЛИЕВ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ЕЛДОС МЕНДЕКЕЕВПЕН БІРГЕ АУДАН АУМАҒЫНДА ҚАРҚЫН АЛҒАН БІРҚАТАР ҚҰРЫЛЫС АЛАҢДАРЫН АРАЛАП, БҮГІНДЕ БЕЛ ОРТАСЫНАН АСҚАН ЖҰМЫСТЫҢ БАРЫСЫН БАҚЫЛАДЫ.
Бұл жолғы жұмыс сапары барысында аудан басшысы табан тіреген алғашқы нысан Арал ауылындағы 180 орындық білім ордасының құрылысы болды. Мәден Тоқтарбайұлын құрылыс алаңынан күтіп алған Степной ауылдық округінің әкімі К.Жолдасбаев пен мердігер компания өкілдері аталмыш нысанда атқарылған жұмыстарды алға тартып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың сәуір айында «ТемірСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іргетасын қалаған заманауи мектеп құрылысы бүгінде аяқталуға аз қалған. Мұнда қолға алынған жұмыстың барысын бақылап, нысанның ішін аралап шыққан М.Мұсаев құрылысшылармен жұмыс жағдайы турасында тілдесіп, жауапты тұлғаларға олардың жалақыларының уақытылы төленіп тұруы керектігін ескертті. Жалпы, мұнда жұмыс істейтін жандардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Сондықтан, әңгіме барысында аудан әкімі құрылысшылар мен мердігер компания басшылығына мұнда өздерінің балалары білім алатынын айтып, жұмысқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Келесі кезекте Мәден Мұсаев Қордайдың кіреберісіндегі Жібек жолы көшесінің маңынан бой көтерген 60 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысын көрді. Мұнда басшылық өкілдерін ауыл әкімі Б.Сахатов күтіп алып, аудан әкімі М.Мұсаев бастаған топ 5 қабатты үйдің әрбір бөлмесін аралап, мердігер компания – «Сырым Береке» ЖШС өкілдерімен қолданысқа берудегі өзекті мәселелердің мән-жайын анықтады. Осы орайда «Батыс» ықшам ауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің аудан басшысының назарынан тыс қалмағанын айта кеткен жөн. Жоспарға сәйкес, мұнда жақын күндері бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер қолданысқа берілуі тиіс. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, құрылысшылар әрбір күнді тиімді пайдаланып, жұмысты дер кезінде аяқтауға тырысып бағуда. Құрылыс алаңына қажетті құрылыс материалдары жеткізілген, техника мен жұмыс күші де жеткілікті.
Осы күні Мәден Тоқтарбайұлы аудан орталығының іргесіндегі Цемзауыттан салынып жатқан 4 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мамандардың айтуынша, нысандағы құрылыс жұмыстары биылғы жылы аяқталмақ.
«Сіздерге қойылатын ең басты талап – жұмыстың сапасы. Мұнда өзіміздің жерлестеріміз тұратын болады. Сол себепті бұл үйлер тек салып қана қоймай, өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз әрі сапалы болуы тиіс», — деп мердігерлерге қадап айтқан аудан басшысы нысандардың уақытылы өткізілуі тиіс екенін ескертті.
Сапарының соңында М.Мұсаев аудан орталығындағы «Жасыл саябақты» қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. Өз кезегінде Қордай ауылдық округінің әкімі Б.Сахатов аудан басшысына нысанның жобасын көрсетіп, саябақты абаттандыру бойынша атқарылатын жұмыстардың жоспарымен бөлісті.

Серғазы МАНАСБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.