Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық халық шаруашылығының маңызды әрі жетекші салаларының бірі болып табылады. Бұл сала аудан мен ауылдық округ тұрғындарының материалдық-мәдени және тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың тиімді жұмыс істеуі қоғамның күнделікті өмірінің сапасын арттырады, сол арқылы қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Азаматтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқаты көбінесе коммуналдық қызметтердің сапасына байланысты.
Бүгінде коммуналдық кәсіпорынның жұмысына үлкен үлес қосып отырған мамандардың бірі – Айдар Ұзақов.
Айдар Дабылбекұлы грейдер жүргізушісі, 1995 жылы еңбек жолын Калинин колхозында бастап, 2001 жылға дейін қызмет еткен. Кейін 2001-2015 жылдар аралығында Гвардейск қалашығында «ДЭУ-24» мекемесінде кран көлігінің жүргізушісі болып еңбек еткен. 2015 жылдан бері тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығында грейдер жүргізушісі қызметін атқаруда.
Грейдер көлігі – қазіргі заманғы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарында өте маңызды рөл атқаратын техника. Бұл көліктің негізгі функциялары оның құрылымының ерекшеліктерімен тығыз байланысты.
Оның жұмыс күйі жолдың тегістігі мен сапасын анықтайды. Кабинасы заманауи құралдармен жарақталған, осылайша жүргізуші жұмыс барысын тиімді бақылап, басқару әрекеттерін оңай жүзеге асыра алады. Бұл ауыр техниканың әлеуеті тек жолды тегістеп қана қоймай, сонымен қатар қар жинау, дренаж жүйелерін жасау, топырақты кесу және реконструкциялау жұмыстарында да қолданылады. Олар қысқы маусымда қарды тазарту үшін қажетті құрал ретінде қызмет етеді, бұл жолдардың қауіпсіздігін арттырады. Жолдардағы судың ағындығы мен дренажын жақсарту – бұл да грейдерлердің маңызды тапсырмасы. Топырақты оңай өңдеуге және қиыршық тастарды қажетті бағытта кесуге мүмкіндік береді, бұл жолдардың сапасын сақтауға септігін тигізеді.
Коммуналдық кәсіпорында табанды еңбек етіп келе жатқан тағы бір маман – Дәурен Ысқақов. Дәурен Серікбайұлы, қысқа мерзімді дәнекерлеуші курсын аяқтап, әр түрлі мекемелерде еңбек еткен. 2013 жылдан бері тұрғын-үй коммуналдық кәсіпорнында каток жүргізушісі болып қызмет етуде.
Сонымен қатар, коммуналдық кәсіпорынның белді мамандарының бірі – Еркін Жақтаев. Еркін Совхозбекұлы еңбек жолын 1997 жылы «Сұлутөр» шаруа қожалығында комбайн жүргізушісі болып бастап, 2010 жылға дейін қызметін жалғастырған. 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін коммуналдық кәсіпорында «Хово» көлігінің жүргізушісі лауазымында жұмыс істейді.
Коммуналдық шаруашылық саласы тұрғындардың өмірін жақсартуда маңызды рөл атқарады. Аталмыш мамандардың қызметі осы саладағы жұмыс сапасын арттырып, тұрғындардың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз етуде үлкен үлес қосуда. Олардың қажырлы еңбегі тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетуді мақсат етеді, осылайша ауданымыздың дамуына септігін тигізеді.
Коммуналдық шаруашылық жүргізушілері көптеген күрделі міндеттерді атқарады. Олардың мереке, демалыс, тіпті қыс кезінде де еңбектері белсенді түрде жүреді.
Сонымен қатар, шаруашылық қызметкерлері су құбырлары мен кәріз жүйелерін бақылап, оларды жөндеу және тазарту жұмыстарын жүргізеді.
Кәсіпорынның тағы бір маңызды міндеті – ол аудан мен ауылдардың тазалығын қамтамасыз ету. Коммуналдық шаруашылық қызметкерлері ауданның тазалығын сақтай отырып, халықтың денсаулығын қорғауға үлес қосуда. Өз жұмыстарын сапалы атқару үшін, олар үнемі заманауи техникалар мен құралдарды қолданады.
Коммуналдық шаруашылық мамандары – нағыз жұмыскерлер. Олардың еңбегі көрінбейді, бірақ кәсіби дағдылары арқылы олар ауданды серпінді дамытуда шешуші рөл атқарады. Олардың қызметтері тұрғындар есінде көп сақталмайды, алайда күнделікті өмірде оларды сезінуге болады.
Мұндай мамандар қоғамда маңызды орын алады, өйткені олардың еңбектері тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Әділет САТЫШЕВ