САПАЛЫ ЖАБДЫҚ – СЕНІМДІ ЕМ

0

Қордай аудандық орталық ауруханасының босану бөлімі ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы медициналық көмектің сапасын арттыру және бөлімшенің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтуде.

Жеткізілімнің алғашқы кезеңі аясында бөлімше қарқынды терапияға арналған жоғары технологиялы өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықталды. LUFT5 – ересектер мен жаңа туған нәрестелерге арналған қарқынды терапияда қолданылатын заманауи өкпені жасанды желдету аппараты. Көптеген желдету режимдерімен және тыныс алу параметрлерін үздіксіз бақылайтын интеллектуалды жүйемен қамтамасыз етілген. Бұл аппарат ауыр жағдайдағы науқастардың тынысын тұрақты әрі қауіпсіз қолдауға мүмкіндік береді. SV300 – жаңа буынның көпфункционалды ӨЖЖ аппараты. Жұмыс істеу дәлдігімен, басқарудың қарапайымдылығымен және сенімділігімен ерекшеленеді. Реанимация және босану бөлімдерінде қолдануға бейімделген бұл құрылғы әр пациенттің физиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, тиімді өкпелік желдетуді қамтамасыз етеді. Заманауи медициналық техникамен жабдықталу — ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, перинаталдық қызметтің тиімділігін күшейтуге және өңір халқының денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Айта кету керек, бұл жеткізілім – кең ауқымды жаңғыртудың алғашқы кезеңі ғана. Алдағы уақытта бөлімше заманауи медициналық жабдықтармен кезең-кезеңімен толықтырылып, ана мен сәби амандығын қамтамасыз етудегі мүмкіндіктер одан әрі кеңейе түспек. Бұл жаңару – аудандық деңгейдегі медициналық ұйымдарда жоғары стандарттарға сай қызмет көрсетуді қамтамасыз ету жолындағы елеулі жетістік және ана мен бала амандығын сақтау ісіндегі сенімді тірек болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.