Гвардейск гарнизонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 21450 әскери бөлімінің қызмет мерзімі аяқталған сарбаздарға құрмет көрсету шарасы өтті. Онда әскери бөлімнің жауынгерлік туы саптық алаңға шығарылып, салтанатты шараның ашылуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранының шырқалуымен басталды.
Сондай-ақ, жеке құрамға «Әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы» әскери бөлім командирінің бұйрығы жеткізілді. Салтанатты мерекеде сарбаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар және фотоальбомдар табыс етілді.
Сарбаздарды шығарып салу салтанатына әскери бөлім командирі, подполковник Табылды Исалиев, Ауған соғысының ардагері Серік Тілеулесұлы, майор Қали Қадыржан, Ақмарал Төлеутаева және аға сержант Қуаныш Ідрісов қатысып, қызмет мерзімі аяқталған сарбаздарға ізгі тілектер мен құттықтау сөздерін айтты. Сонымен қатар, қатардағы жауынгер Талант Асылбеков әскери бөлімнің ұжымына өз алғысын жеткізді. Ал, қатардағы жауынгер Нұрсұлтан Құсыманов әскери бөлімге арнап өзінің жүректен шыққан өлең шумақтарын тарту етті.
Қызмет мерзімі аяқталған сарбаздар әскери борышын адал атқарып, қызмет барысында көптеген жетістіктерге жетті. Қыркүйек айында өткен «Алдаспан-2020» тактикалық оқу-жаттығуда осы сарбаздар белсене қатысып, жауынгерлік әзірліктерінің мықтылығын дәлелдей білген болатын. Шара соңында саптық алаңда сарбаздардың әскери бөлімнің жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті. Отан алдындағы борышын өтеу мерзімі аяқталған сарбаздар әскери билеттерін алып, туған жерлеріне жол тартты.
Жомарт Тажиханов, Гвардейск гарнизоны баспасөз қызметінің басшысы