Сарбаздар жаңа жылды қалай қарсы алды

0

Жаңа жыл – әлемдегі қуанышқа толы ең ғажайып мерекелердің бірі. Жаңа жылды әскерде қарсы алу ұмытылмас сәттердің бірі.

Гвардейск гарнизонында сарбаздардың биылғы жаңа жылды қарсы алуы карантиндік шектеулерге байланысты өзгеше өтті. Жыл сайын сарбаздар асханасында үлкен дастархан жайылып, ортада шырша әшекейленіп, аяз ата мен ақшақардың қатысуымен жаңа жылды қарсы алатын және барлық сарбаздар концерттік қойылымдарды тамашалап, Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа жыл мерекесімен халықты құттықтауын бірге көретін. Ал, бұл жолғы жаңа жылды бөлімшелер бойынша әр бөлімше өздерінің казармаларында өткізді.
«Биылғы жаңа жыл мерекесі, мен үшін ерекше есте қалды. Себебі жыл сайын жаңа жылды отбасыммен бірге қарсы алатынмын. Ал бұл жолы әскерде қарулас достарыммен бірге қарсы алдым. Мен өте қуаныштымын», — деді қатардағы жауынгер Ернияз Сейлгазин.
Сарбаздар кешкі астан кейін өз казармаларында бөлімшелер болып, Қазақстан телеарнасынан мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдық құттықтауын көрді. Президенттің құттықтауынан кейін сарбаздар ұялы байланыс арқылы ата-аналары мен туыстарын жаңа жылдарымен құттықтады.

Гвардейск гарнизоны
баспасөз қызметінің бастығы
майор Жомарт Тажиханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.