Сарбаздардың қызмет мерзімі аяқталды

0

Гвардейск гарнизонындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының танк бригадасында 450-ден аса сарбаз запасқа шығарылды.

Қызмет мерзімі аяқталған сарбаздарды запасқа шығару рәсімі салтанатты түрде аталып өтті.
Салтанатты шарада әскери бөлімдердің жауынгерлік туы саптық алаңға шығарылып, еліміздің мемлекеттік әнұраны орындалды. Әскери бөлім командирі полковник Нұрлан Айтчанов қызмет мерзімі аяқталған сарбаздарды құттықтап, оларға алғыс білдіріп, ақ жол тіледі.
Сондай-ақ Ауған соғысының ардагері Серік Шегіров қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сарбаздар да өз кезегінде әскери бөлім басшылығына және офицерлер мен сержанттарға алғыстарын білдірді.
–Бүгін ерекше есте қалатын маңызды күн. Себебі біз Отан алдындағы борышымызды өтеп, үйімізге қайтқалы отырмыз. Офицерлер мен сержанттарға айтар алғысымыз шексіз. Олар бізге сапқа тұруды, саптық қалыпты, әскери техника мен қару-жарақты толықтай меңгеруді үйретті, бізді тәрбиеледі. Отан алдындағы борышын өтеу әрбір ер азаматтың міндеті. Өзімнің достарымды, бауырларымды және құрдастарымды, мен сияқты әскерге келіп, Отан алдындағы борышын өтеуге шақырамын, – деді танк бригадасының сарбазы қатардағы жауынгер Ақтілек Құдайберген.
Сонымен қатар, қызмет мерзімі аяқталған сарбаздарға алғыс хаттар мен фотоальбомдар табыс етілді. Олар әскери бөлімнің жауынгерлік туымен қоштасты. Шара соңында сарбаздар мінбе алдынан соңғы рет саптық жүріспен жүріп өтті.
Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздар жуырда үйлеріне оралады.

Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.