Сары қымыз сапырған «Айзере» шаруа қожалығы

0

Қазақ үшін жылқының орны бөлек. Осы бір қасиетті түлікті халқымыз ерекше қастерлеген. Жауға шапқанда серік болған, тойға барғанда көлік болған төрт түліктің төресі ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінің айырылмас бір бөлігіне айналып кеткен. Бүгінде текті жануарды күтіп-баптап, оның қадір-қасиетін жете түсінген сирек жандардың бірі Қарасай ауылдық округінде тұрады.

Ұлан Алиев – «Айзере» шаруа қожалығының басшысы. Оның жылқы малына деген құмарлығы қанында бар қасиет. Атасы Ораз Қисыбаев өмір бойы жылқы бағып, ауданға аты танылған кәнігі жылқышы болған екен. Немересі де ес білгелі жылқының жанында жүріп, аттың құлағында ойнайтын нағыз шабандоздардың ортасында өсті. 2012 жылы сарай салып, шаруа қожалығын құрған уақыттан бері осы шаруашылықтың жайын жасап келеді. Сауынды биелерімен қатар мұнда таза қанды жылқылар да жетерлік. Оларды кейіпкеріміз әбден күтіп-баптап, бәйгеге қосады екен. Оның «Найзағай», «Гром», «Таймас» атты сәйгүліктерінің талай додада маңдайлары жарқыраған. Тіпті 2017 жылы «Экспо» көрмесіне орай елорда төрінде өткен республикалық бәйгеге қатысып, 5-ші орынды иеленіпті. «Ат баптау әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін ең алдымен адамға үлкен жүрек пен тәуекел керек. Қазір ауылдың бозбалаларын ат баптауға баулып келемін. Ауданда өтіп жатқан бәйгелерге сол өзіміздің ауылдың шабандоздары қатысады. Өйткені аттың бәйгеде оза шабуы шабандозға тікелей байланысты. Ол күнделікті атты көріп, қыр-сырын біліп алса, ат оны жатырқамайды. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, әр жүйріктің мінезі әртүрлі. Шебер атбегі болу үшін әр аттың ерекшелігін, мінез-құлқын әбден меңгеріп, соған сәйкес әрекет ету керек»,- деп Қамбар ата тұқымына ерекше бап керектігін айтты.
Кейіпкеріміз атадан қалған асыл өнермен қатар, қырық түрлі ауруға ем болған ұлттық сусынымызды да ұлықтап жүр. Қымыз сатуды биыл ғана қолға алса да, оның бал татыған барқыт қымызына бүгінгі күні сұраныс жоғары. Тек Қарасай мен Еңбек ауылдарынан ғана емес, аудан орталығынан арнайы алдыратындар жетіп артылады. Шаруа қожалығының басшысы 20 сауынды биеден күніне 45-50 литр сүт алады. Биені арнайы аппаратпен сауады екен. «Күніне 4 мезгіл сауамыз. Ал жаз уақытында мол сүт беретіндіктен бес мезгіл сауамыз. Қымыздың сапасы биенің тектілігіне, жайылымына, тіпті қымыз сақталатын ыдысқа тікелей байланысты. Сондай-ақ, оны дұрыс пісуді білу де маңызды. Оны неғұрлым жиі піскен сайын қоюланып, дәмі кіре береді. Ал пісілмеген, сапырылмаған қымыздың суы бір бөлек, тұнбасы бір бөлек болып бұзылып, сапасы нашарлайды»,-дейді.
Ата кәсіптен қол үзбеген кейіпкеріміздің ендігі мақсаты – сауынды биелер мен таза қанды жүйріктерді көбейту.
Өзі басқаратын «Айзере» ШҚ мал шаруашылығынан бөлек егін егіп, бақша өсірумен де айналысады екен. Шаруа қожалығының иелігінде 18 гектар арпа, 5 гектар жоңышқа алқабы, 10 гектар алма және 2 гектар қара өрік бағы бар. Өткен жылы жеміс бақтары жақсы өнім беріп, 26 тонна алма, 9 тонна қара өрік өткізіпті. Болашақта осы егін, бақша шаруашылығына да көбірек көңіл бөлемін деп отыр шаруа қожалығының басшысы.
Әңгіме барысында кейіпкеріміздің ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмейтін еңбекқор жан екендігін аңғардық. Салт-дәстүрді дәріптеп, халқымызда бар құндылықты бағалай білетін азаматтың ісіне береке, шаңырағына шаттық тілейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.