САРЫБҰЛАҚТАҒЫ КЕЗДЕСУ

0

Дәл осындай кездесу Сарыбұлақ ауылдық округінде де өтті. Құрамына Қайнар ауылы кіретін іргелі елді мекенде соңғы жылдары бірқатар жұмыстар қолға алынған. Ол турасында ауыл әкімі Бақтияр Әбенов баяндама жасады.  Ауылдық мәдениет үйіне жиналған тұрғындармен кездесу барысында биылғы жылы қолға алынатын жұмыстар жайында аудан әкімі Бегзат Болатбеков мәлім етті.

Жалпысы аталмыш округке 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде ең қомақтысы былтыр басталған Қайнар ауылы маңында 3800 гектар суармалы алқапқа су жеткізу үшін қысымды су құбырының құрылысы болып отыр. Сонымен қатар, Қайнарда ауылдық мәдениет үйінің шатыры жаңартылып, жылыту жүйесі қатты отыннан газға ауысатын болыпты. Сарыбұлақта бірнеше көше жөндеуден өтеді. Осының барлығына қажетті қаржы да қарастырылған.

Аталған жұмысқа бәрекелді айтқан ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын да қойды. Мәселен, Қайнар ауылы тұрғындары ауылішілік жолдардың нашарлығын айтты. Бұл бойынша аудан басшысы наурыз айында бюджетті нақтылауда ауылдағы үш көшені жөндеу үшін қаржы қарастыруға уәде етті. Тұрғындардан түскен сұрақтар қатарында ауыз су жайы да айтылды.

-Сарыбұлақ пен Қайнарда су жүйесін жаңалау бойынша жұмыстар басталған болатын.  Алайда, мердігер тарапынан жасалған көптеген кемшіліктер үшін ол жұмыс созылып кетті. Қазір күн жылыған соң ауыз суды жеткізу бойынша жұмыстар жанданатын болады, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Тұрғындар көтерген сұрақтар қатарында ауылдың үлкен жолдың бойында орналасқандығынан бейнекамералар орнату қажеттілігі туындап отырғаны айтылды. Аудан басшысы жақын күндері Қайнарда 2 және Сарыбұлақта 4 бейнекамера орнатылатынын айтып, ол жұмысты округтен сайланған аудандық мәслихат депутаты Камила Дургалова өз бақылауына алғанын жеткізді. Ал, жайылым жерге қатысты түскен сұраққа байланысты аудан әкімі жер қатынастары бөліміне тапсырма беріп, мұнда да «Ауыл аманаты» жобасы бойынша түсініктеме беріп өтті. Қазіргі таңда округ бойынша 75 адам несие алуға құжат өткізіп үлгерген, осы бағытта жұмысты жандандыру қажеттігін баса айтты аудан басшысы.

Кездесуден кейін аудан әкімі Қайнар ауылы маңында 3800 гектар суармалы алқапқа су жеткізу үшін қысымды су құбырының құрылысымен танысты. «ТаразСтрой2004» ЖШС  қолға алған жұмыстар былтыр қуаңшылық кезінде басталған болатын. Қазіргі таңда серіктестік өкілдері жер астымен 8 шақырым жерге су жеткізу үшін арнайы трубаларды төсеуді бастамақ. Сол трубалар бойынша алқаптарға үш күшті насос су айдайтын болады. Ал, төртінші насос қосымша дайын тұрмақ. Жақын күндері алып трубалар төселетін орынды дайындау үшін онда ірі техникалар жұмыс істей бастайды. Аудан әкімі мердігерлермен сөйлесіп, бұл жұмыстардың аса маңыздылығына тоқталып, бірқатар жауапты мамандарға тапсырма жүктеп, аталмыш нысанды тікелей қадағалауына алатынын айтты.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.