Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың халықпен кездесуі жалғасуда. Бұл жолы олар Қақпатас және Сарыбұлақ ауылдық округтерінде өтті.
Округ әкімі Бақтияр Әбенов соңғы жылдары атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды.
«Басты тақырыптардың бірі сумен жабдықтау. Су құбырын салу бойынша жұмыстардың 90 пайызы аяқталды, ал Сарыбұлақтағы желінің жалпы ұзындығы 21,8 шқ. Жұмыстардың аяқталуы 2025 жылдың мамырына жоспарланып отыр. Өткен жылы Қайнар ауылында су құбыры пайдалануға беріліп, бұл жергілікті тұрғындар үшін маңызды оқиға болды. Қазір ауыл тұрғындары сапалы ауыз суға тұрақты қол жеткізе алады. Округте әлеуметтік мәселелер бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, аз қамтылған отбасыларды қолдайтын жергілікті меценаттардың көмегі зор. Бұл ауыл тұрғындарының көптеген мәселелерін шешуге және олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға көмектеседі. Жұмыспен қамту саласында да жетістіктер аз емес: 49 жұмыссыз азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, 213 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары фермерлік шаруашылықтарды дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық танытты. Жоба аясында екі жыл ішінде 354,9 млн теңгеге 995 бас ірі қара мен 1063 бас қой сатып алынды. Бұл шаралар жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді», — деді округ әкімі баяндамасында.
Келесі кезекте, сөз тізгінін алған аудан әкімі Бегзат Болатбеков 2025 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
Негізгі жобалардың қатарында өткен жылы басталған Қайнар ауылының маңындағы жоғары қысымды су сорғыш станциясының құрылысы аяқталды. Станция көлемі 3800 гектар суармалы жерлерді қажетті су көлемімен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, Сарыбұлақтағы Абай көшесі мен Смаглюк көшесінен Қайнар ауылындағы Керуен көшесіне дейінгі жолды жөндеу жоспарлануда. Бұл жұмыстарды қаржыландыру мәселесі шешілді.
Өткен жылғы кездесуде Қайнар ауылының тұрғындары ауылішілік жолдардың жай-күйі мәселесін көтерді. Бұған жауап ретінде аудан басшысы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілетінін айтты.
Ауыл тұрғындары бейнебақылау камераларының жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Қазір Сарыбұлақта камералар орнатуға рұқсат алынды.
Кездесу соңында аудан әкімі азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Ол ауыл тұрғындарын өз округінің және бүкіл ауданның проблемалық мәселелерін шешуде бастамашылдық пен берік азаматтық ұстаным танытуға шақырды. Өйткені бірлескен күш-жігермен айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Жиналыс өзекті мәселелерді шешуге және ауданның ауылдық округтерін дамытуға жасалған кезекті қадам болды.
Халықпен кездесуден кейін аудан басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Шолпан САБАНОВА