Сарыбастау саялы баққа айналмақ

0

Ноғайбай ауылдық округіне қарасты Сарыбас-тау ауылын аудан жұрты қашаннан бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таниды. Шағын ғана ауылдың бірлігі мықты, ынтымағы жарасқан. Елді мекен азаматтарының туған жеріне деген қамқорлығына қызыға қарайсың. Бүгінгі мақаламызда аталмыш ауылдағы берекелі тірлік турасында сөз етсек.

«Ауылына қарап азаматын таны» демекші сарыбастаулықтар шеттерінен қарапайым, қонақжайлығымен қазақылықтың иісін аңқытып жүрген жандар. Қырықтан астам түтіннен құралған ауыл әу бастан егін мен мал шаруашылықты кәсіп етіп келеді. Сондай-ақ, біріне түскен қиындықты бірге еңсеріп, бірінде болған қуанышты бір бөлісіп, әрқашанда ауызбіршілікті ту етіп, өзгелерге үлгі бола білуде. Есігіне құлпы салмайтын елді мекенде ұрлық пен құқық бұзушылық деген атымен жоқ. Есесіне, тұрғындар жыл сайын ауылды көркейту мақсатында ортақ қазына құрып, жұмыла кіріседі. Соның бір көрінісі — Сарыбастаудың өз саябағы бой көтеруде. Дегенменде ауызбіршіліктің басында бір азамат болары хақ. Олай дейтініміз топырағында туып өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін салатын жандардың бар болуы заңдылық. Осы қазақы қағиданың жолын жалғаған жандар Сарыбастауда жетерлік. Соның бірі Жұмадин Тулақбаев. Жұмадин Муфтадинұлы бүгінде «Алтын дән» шаруа қожалығын басқарады. Егін бағытындағы қожалықтың қомақты істері көпке үлгі. Ауыл азаматтарын жұмыспен де қамтып отырған жайы бар. Оншақты тұрғын «Алтын дән» шаруа қожалығында жұмыс жасап, нәпақасын тауып, отбасын асырап отыр. Жаз айларында Ж.Тулақбаев өз техникаларымен ауыл тұрғындарының жерін қазып, шөбін шауып беруді де әдетке айналдырған екен. Сондай-ақ, кәсіпкер жаңа салынып жатқан саябақтың да басы қасында жүр. Негізі бұл жұмыс өткен жылы қолға алынған. Жыл сайын қар еріп, күн шыққан уақытта тұрғындар саябақтың жұмысына кіріседі. Бүгінде орны анықталған аумақта футбол және баскетбол алаңшалары салынып, балалар ойын алаңшалары орнатылған. Сондай-ақ, онда екі жыл ішінде 1300 түп ағаш отырғызылып, күтіп-бапталуда. Мұнда шынар, қырымдық қарағай мен сібір қарағайы, талшын, жөке ағашы мен бозарша ағаштары бар. Сарыбастаулықтар тек саябақты ғана емес жалпы ауылды жасыл желеке айналдыруды жоспарлап қойған.
— Бұл жұмыстар осымен тоқтамайды. Саябақтағы ағаш санын 5000 талға жеткізуді көздеп отырмыз. Барлығы бір кісідей атсалысуда. Бұл ғұрып ауылда о бастан қалыптасқан. Әркім өз қолынан келгенін жасап, бірі техникамен, бірі қаржылай қолдау көрсетуде, – дейді Жұмадин Мұфтадинұлы.
Сарыбастаулықтардың айтуынша «Алтын дән» шаруа қожалығының демеушілігінің арқасында ауыл ажары ашыла түскен. Атылмыш қожалықтың қолдауымен аялдама да салыныпты. Алдағы жоспарда ауылға кіреберісте аты айшықталған арка салу екен.

М.Қарабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.