САУД АРАБИЯСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қос киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Жидда қаласына жұмыс сапарымен барды

Мемлекет басшысын әуежайда Мекке провинциясы губернаторының орынбасары, ханзада Бадр бен Сұлтан бен Әбделазиз, Жидда провинциясының губернаторы Салих бен Әли Ат-Түрки қарсы алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапары Исламда екінші қасиетті орын саналатын Медина қаласындағы Мұхаммед пайғамбар мешітіне барудан басталды. Мемлекет басшысы Мұхаммед пайғамбардың қабіріне зиярат етіп, дұға жасады. Қазақстан Президентінің келуіне орай оған ерекше құрмет ретінде Пайғамбар жерленген киелі орынның есігі ашылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші саммиті аясында Кувейт Мемлекетінің Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабахпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында сауда-экономика және инвестиция салаларындағы қазақ-кувейт ынтымақтастығының даму перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысы Кувейтпен байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі және барлық басым бағыт бойынша өзара іс-әрекетке тың серпін беруге дайын.

Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах Астана мен Әл-Кувейт арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтіп, сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік салалардағы ынтымақтастықты дамыту үшін зор әлеует бар екенін жеткізді.

«Мен, ең алдымен, Қос киенің сақшысы – Король Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа және Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салманға шынайы алғысымды айтамын», деді Президент сөз басында.

Мемлекет басшысы бұл тарихи кездесу Орталық Азия және Шығанақтағы араб мемлекеттерінің бауырластығы мен достығына жаңа серпін беретінін атап өтті.

«Бүгін «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» жоғары деңгейдегі бірінші саммитіне қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Осы тарихи кездесу бәріміз үшін қасиетті жерде бірлік пен өзара қолдау жағдайында өтіп жатыр. Соның арқасында елдеріміздің бауырластығы және достығы нығая түсетіні сөзсіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білдіре отырып, «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» атты мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысуға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Кездесу барысында сауда-экономика, инвестиция, энергетика, «жасыл» энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Өз кезегінде Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қазақстан Сауд Арабиясының Орталық Азия аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі дамытып, нығайту үшін мол әлеует бар. Сондай-ақ ол екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін күш салуға ниетті екенін жеткізді.

www.akorda.kz

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.