Қазақ төрт түлiктi қасиет тұтты. Жылқыны түлiктiң төресiне балады, етiн, терiсiн, тiптi тұяғына дейiн
кәдеге асырды. Сүтi – сусын әрi жанға шипа. Оны ұқсатып, қымыз ашытты. Мiнсең – көлiк, желмен жарысып, көңiлiң марқаяды. Жарты әлемге осы жануардың арқасында иелiк еттi. Арғымақ ат жайлы ән-күй, жыр-аңыз толғады. Ол – сән-салтанат, мәдениет, тарих. Қысқасы, қазақ пен жылқы егiз ұғым. Бiр-бiрiнен ажырағысыз әлем. Саумал – жаңа сауылған бие сүтi. Одан қымыз ашытылатыны сәбиге де белгiлi. Әйтсе де, бұл жайында талас-пiкiр де жоқ емес. Кейде суытып, қымыздың қорына қосылатын сүтiн «саумал» деп те атайды.
Әйгiлi емшi Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлының «Шипагерлiк баян» кiтабында «саумалды ақтың төресi» деп төрге шығарады, шипалық қасиетi қырыққа жуық кеселдiң алдын алады. Әсiресе, асқазан, қырыққатпаршақ, өт, бауыр, тоқiшек қабынуын көзiн тауып емдесе, сүргi салғандай, алақанмен сыпырғандай етеді. Қан кеселiне тосқауыл, «қанның сүзгiсi» деп жазады.
Жазушы Дүкенбай Досжанның «Саумал» шығармасында саумалдың шипалық қасиетi туралы кеңінен айтылады. Қаламгердің әңгімесінде сапалы саумал, қымыздың қасиетi жылқының жайылымы, жеген шөбi, iшкен суы мен ауасына дейiн үлкен орын алатыны аса бiлгiрлiкпен баяндалған.
– «Келiнжан, оянсаң, құла байталды сауып ал, сүттен үрпiсi жарылғалы қалыпты, – деп атасы қалайы шелек алып тысқа шыққан келiнiне тағы да:
– Келiнжан, қалайы шелектегi саумал жылдам айниды, жоңышқаға ай жарығымен жайылған құла байталдың сүтi дәрi, адам ағзасындағы ыстықты басады, залалды нәрсенi сүргiдей сылып түседi, жарықтық, – деп өзгеше ықылас бiлдiредi.
– Қалайы шелек саумалды айнытады дедiңiз бе, ата?
– Иә, солай, ерiнбесең бие сауымына қауақты ал, я болмаса қыш көзе дұрыс болады.
Әшейiнде өзi түгiлi құлынын маңайлаған кiсiнi таптап кете жаздайтын кiдi мiнездi құла байтал, неге екенiн кiм бiлген, басына салы орамал салып, алдына пүлiш алжапқыш байлап, бұрала басып жақындай түскен келiншекке оқырана көз тiгiп… тұрды-тұрды-дағы оқыс иiп қоя бергенi. Жатсынбады, үрiкпедi, бойын тартпады. Бiр аттап, екi аттап сауырын төсеп көлденеңдедi. Желiде тыпыршып бiр орнында тұрмаған құлынына оқырана үн қатып, сабыр тiледi, жас келiнге үйiрсектедi. О, құданың құдiретi!».
«…Атасының үйретуiмен ерте тұрып, құла биенiң иiнiн сыйпап, күре тамырын иiтiп, сауынға әзiрлейдi. Қыш көзенiң сүтiн сарқып, жылы сумен жуып күнге кептiредi. Мезгiлi жеткен кезде iшiнде ылғалы жоқ көзенi алдына ұстап сүттi байталдың сауырына еңкейе тақап бiр тiзерлейдi. Саусақ арасынан аппақ сүт дыз етедi. Ұлпа саусақ тиер-тиместе құла байтал иiп қоя бередi. Қыш көзе лезде шүпiлдеп шыға келедi».
Иә, жазушы ағамыз жазғанындай, саумалдың сиқыры – сауынында. Сауынды я кеш қалмай, я ерте бастамай, үрпiге тақаған тұста сауып ала қояды. Ыдысы құрғақ. Ылғал тигiзбейдi. Қыш ыдысқа, я ысталған қауаққа сауады. Ең ғанибетi, саумалды бiр ыдыстан келесi ыдысқа қотарып мазалай бермейдi. Ақ жарықтық сылап-сыйпаған сыпайы саусақ пен iңкәр ықыласты сезiнедi.
Бие байланар шақта ұлттық дәстүрiмiздiң «Қымызмұрындық», «Сiрне жияр» тәрізді өзге де салт-жоралғылары таптырмас тәрбие құралы. Балалар ауыл өмiрiмен етене араласып, ағарған iшiп, шыңдалады. Ұлт жанашырлары осы iстi қолға алып, кеңiнен насихаттаса, ұрпақ саулығында ұтарымыз көп. Осы орайда Оңтүстiктен бастау алған «Саба» фестивалiн қайта жаңғыртса құба-құп дер едік. Шiлденiң шiлiңгiр аптабында өзге ел асып, қыдырғаннан туған жердiң шүйгiн шөбiне жайылған мал өнiмiн, саумал, қымыз iшiп, отандық өнiмдi тұтынса, мал сүмесiн емген ауылдағы шаруа жандарға да демеу емес пе, шiркiн! Бие сүтi – бал қымыз. Одан асқан дәм бар ма?!