Мемлекет басшысы Жолдауында айтылғандай өткен жылдан бері Қазақстанда ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнаған.
«Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер. Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы Қазақстанның саяси жүйесінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты нақты іске асырылуы қажет екенін баса айтты.
«Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше. Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты халық арасында да түрлі сауалдар туындап, қоғамдық талқылаулар болып, жалпы ел арасында қызу талқыланып жатыр. Осыған да Мемлекет басшысы Жолдауында ерекше тоқталып, нақты бір нүктесін қойды. Көптеген азаматтар мен сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтыны белгілі. Бұл ретте Мемлекет басшысы Семей полигонын мысал ретінде келтірді.
«Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелге-нін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», деп нақтылады Президент.
Жеңісхан Нәзікеев,
Қордай ауданының Құрметті азаматы