Сенат депутаты Қордай ауданында болды

0

Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Серікбекұлы Орынбеков Қордай ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ауданның маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларымен танысып, бірқатар нысандарды аралады.

Депутат Отар ауылдық округінің Гвардейск қалашығында болып, сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту, газбен жабдықтау жүйесі, қазандық құрылысы және жылумен жабдықтау желілерінің салыну жұмыстарын көрді. Бұл жобалар өңір халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Сонымен қатар, Бекболат Серікбекұлы аудандық шекара басқармасының жұмысымен танысып, шекара қызметін қамтамасыз етудің маңызды тұстарын талқылады.

Бекболат Серікбекұлы сапар барысында  «Қордай» өткізу бекетінде болып, ондағы кезектің алдын алуға бағытталған шаралармен танысты.  Қазіргі таңда аталмыш бекеттің екі залына үлкен кондиционерлер орнатылып, жаз мезгілінің аптап ыстығына жайлы жағдай жасалған. Ал, жақында екі ел шекарасындағы ұзақ-сонар кезек пен кептелісті жою мақсатында электронды турникеттер орнатылды. Аталған шара өткізу процесін автоматтандырып, құжаттарды тексеру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.  Аталмыш шешім тұрғындар мен жүргізушілердің уақытын үнемдеуге, сондай-ақ бекеттегі жұмыс тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, сенатор Қордай ауылындағы «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы» мен «Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебі» жұмысымен танысты. Ғимарат жағынан таршылық көріп, қанатын кеңге жая алмай отырған қос мекеме жайына қанық болған Бекболат Орынбеков бұл жайды өз назарына алатын болды.

Депутат «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарасу ауылында салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысымен де танысты. Жаңа мектеп ғимараты оқушылар үшін заманауи және қауіпсіз білім беру ортасын құруды көздейді.

«Құрылыс саласында сапаға ерекше мән беру маңызды. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, жобаларды жүзеге асыру арқылы аймақ тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарта аламыз. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдар мен аудан тұрғындарының бірлесе отырып жұмыс жасауының маңыздылығын атап өткім келеді. Бүгін Гвардейск қалашығында болып, ол жақтағы жылыту жүйесі, Отармен қатынастағы темір жол үстінен өтетін көпір салу қажеттілігінің қазір өте өзекті болып отырғанын көрдік, назарға алдық», – деді Бекболат Серікбекұлы.

Сапар барысында Бекболат Серікбекұлы жергілікті билік өкілдерімен, құрылыс нысандарының жауапты тұлғаларымен кездесіп, өңірдегі негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді талқылады. Ол барлық жобалардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуының маңыздылығын атап өтті.

Бұл сапар аудандағы маңызды жобалардың орындалуын бақылау және ел тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жеделдету мақсатында ұйымдастырылды.

Ауқатты ауылында депутат жаңа алқаптың инфрақұрылымдық құрылысының барысын көрді. Бұл жоба ауыл шаруашылық секторын дамыту мен ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға ықпал етпек.

Сортөбе ауылындағы аурухананың құрылыс жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Заманауи медициналық мекеменің құрылысы аяқталғанда, ауыл тұрғындарына жоғары сапалы медициналық қызмет қолжетімді болады.

Сапар барысында Бекболат Серікбекұлы шалғайдағы Соғанды ауылына ат басын бұрып, ондағы ауыз сумен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.