«СЕВИНЧ» САЛҒАН ӘН ҚАНДАЙ

0

Қордай атты көп ұлтты қоғамның қазанында ондаған ұлт өкілдері біте қайнасып, бірліктің туын бірге биіктетіп келе жатқанына ғасырға жуықтап қалды. Бүгінгі таңда тағдыр тәлейімен қазақ жеріне алғаш қоныс аударғандардың балалары өз немерелерін жетектеп жүр.

Олар Қазақстан деген алып мемлекеттің алқалы халқы, еңбегімен еленген, өсіп-өнген, «тонның ішкі бауындай» болып кеткен бауырластар. Солардың ішінде бар саналы ғұмырын елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сарп еткендер қаншама. Солардың бірі – Қайнар ауылының тумасы, аты көпке танымал Гафар Агачиев. Биыл Гафар Асанқұлұлы зейнет жасына шықты. Ал, ол осы жолда көптеген белестерді бағындырғаны анық.

Гафар Асанқұлұлымен өзі еңбек еткен ауылдық мәдениет үйінде жолықтық. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген нақылды бойына жинап өскен, әрдайым жайдары жүретін Гафар аға бір сәт балалық шаққа, алыста қалған уайымсыз күндер туралы сөз етті.

«Әкем Асанқұл 1890 жылы туылған екен.  Өмір бойы осы жақта тұрды. Бірақ қызық жайды айта кетсем, біз Иран елінен келген әзірбайжандықтармыз. Әкемнің айтуынша, Ресейде патша үкіметі құлаған кезде көтеріліс басталып, сол уақытта 16-17 жасар жігіт кезінде Әзірбайжан мен Иранды бөліп тұрған Кура өзені арқылы атпен өтіп кеткен. Кейін Ресейге басқа өкімет келген кезде шекара жабылып, сол елде қалып қойыпты. Содан болар басында бізді, тіпті ирандықтар деп атаған. Олай айтудың себебі де бар. Өйткені, сол Иранда 40 милионға жуық әзірбайжан ұлты тұрады екен. Кейін тағдырдың жазуымен Қазақстанға қоныс аударып, міне, үшінші ұрпақ осында өмір сүріп келеді», — деп әңгіме өрбітті кейіпкеріміз.

Жастайынан музыкаға құмартып, сахнада әдемі әндерді құйқылжытқан Гафар Агачиевтың осы іске құлшынысы қайдан пайда болғанын да сұрадық.

«Үлкен ағам, қазір марқұм болып кетті, алғаш рет ұлттық аспап Зурнада ойнауды үйренді. Дауысы өте жағымды болып келеді. Кавказдан музыканттар келген кезде соларға барып, тәжірибе жинап, сол аспапта ойнаудың шеберіне айналды. Ал, біздер алғаш рет «Севинч» ансамблін құрып, алқашқы қадамды бастаған кезде ол үйлену тойлар мен түрлі мерекелерге музыкант ретінде қатысып жүрген болатын. Міне, осылай музыкаға деген алғашқы қадам жасалды. Ал, негізі 1976-78 жылдары ауыл клубында музыкалық аппаратура болып, мен сол жерде алғаш ән айтып бастаған едім. Солай, бірте-бірте жаныма жақсы жігіттер жиналып, алғашында ансамбль құрдық, кейін үлкен топ болып, оны «Севинч» деп атадық. Сол жылдары Степное ауылдық клубының басшысы қызметін атқарған Гусейн Маметхасанов есімді азамат бізге қолдау көрсетіп, өзі біздің топта гармоньда ойнап, ақырындап халық ортасына шыға бастадық. Басында сол азамат жетекшіміз болса, мен көркемдік жетекші қызметін атқарып келдім. Кейін толықтай ұжымды өзім басқарып бастадым. Нақтырақ айтсақ, 1979 жылдан қазіргі дейін «Севинч» ансамбілі жұмыс істеп келеді», — деп сөзін сабақтады Гафар Асанқұлұлы.

Кейіпкерміз өзі құрған топ мүшелерімен бірге алғаш рет ең үлкен шараға қалай қатысқаны туралы ерекше әсермен айтып берді. «Севинч» ансамблі 80-жылдары Алматыда өткен үлкен съезд барысында Республика сарайында ұйымдастырылған концертке шақырту алады. Сол кезде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаевамен бір сахнада өнер көрсету мүкіндігіне ие болған. Бұл топ мүшелері жадынан ешқашан да кетпейтіні анық. Арада талай жылдар өтсе де Гафар аға сол күндерді сағынышпен еске алып отырғаны.

«Әрине, асамбльдің құрылуына, оның дамуына ерекше үлес қосқан жандар туралы айта кетуді жөн көріп отырмын. Олардың біразы қазір арамызда жоқ. Жоғарыда айтып өткенімдей, топтың жұмысын жандардыруға Гусейн Мамедхасанов, Асан Агачиевтердің еңбегі ерекше болғанын атап өтер едім. Бұл азаматтар ансамблдің нағыз ұлттық нақышта болуына өзіндік ерекше үлесін қосып кеткен. Ал, қазіргі құрмада алты адам бармыз. Басты солист менің қарындасым Сона Мамышова, оның ұлы Оруч, өзім гитарада ойнасам, қосымша клавиши мен гармоньда ойнайтын музыканттар және бар. Репертуарымызда бірнеше тілде ән орындаймыз. Қазақ, орыс, әзірбайжан, түрік тілінде шырқаймыз. Негізінен ұлттық әндерге мән береміз», — дейді кейіпкерміз. Қазір әзірбайжан мен түрік ұлтының барлық тойларына қадірлі қонақ болып шақырылатын ансамбльдің алда жарқын, болашағы тіпті мықты боларына сенім мол.

Кейіпкермен жүздесу барысында осы мәдениет саласына келген жолы жайында да сұрастырдық. Мектепті аяқтаған жас Гафар қазіргі Бетқайнар ауылындағы механизаторлар дайындайтын оқу орнына түсіп, оны аяқтаған соң Қырғызстандағы ұлттық филармония жанындағы эстрадалық студияға «Гитара» класы бойынша оқуға түседі. Бір әттегенайы, жастық шақтың жалыны болар, сол оқу орны аяқталмай қалады. Дей тұр-ғанмен де, сол кездері Леонид Хан басқаратын, атағы алысқа кетіп тұрған Благовещенка, қазіргі Қайнар ауылында спорттық тәлімгер әрі комсомол хатшысы қызметіне шақырылып, сол орында бірнеше жыл қызмет етеді.

«Айлықты аудандық комсомол комитетінен алып жүргенім әлі есте. Ал, 1985 жылы партия қатарына қабылданып, комсомол ұйымында жұмыс істеп жүрдім. Ал, 1989 жылы Алматы қаласындағы Жоғарғы партия мектебіне оқуға қабылдандым. Алайда, біздер оқуды аяқтайтын уақытта Кеңес Одағы ыдырап кетті де, партия мектебінің атауы бірнеше рет өзгеріп, соңында қазіргі КИМЕП-ті аяқтап, мамандығым «Әлеуметтанушы» болып шыға келді», — деп еске алады кейіпкеріміз.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы кезінде ел ішінде жаңадан пайда болған мамандық иесіне емес жалпы халық үшін жұмыс жоқ. Гафар Асанқұлұлы отбасын асырау жолында қолдан келгеннің барлығын істейді. Арасында музыкалық топпен тойларға шығып жүреді. Тек, 2010 жылы ғана аудандық және ауылдық округ басшылығынан шақырту алып, Қайнар ауылдық мәдениет үйіне жетекшілік етіп бастайды. Алғашында тіпті музыкалық аппаратурасы жоқ болған мәдениет ошағына біртіндеп жан біте бастайды. 14 жыл ауылдық мәдениетіне еңбек сіңірген, бүгінде зейнет жасына шығып отырған Гафар Агачиев ары қарайғы өмірін тек балалардың жанында өткізсем, деген тілегі бар. Аудандағы этно-мәдени орталықтардың дамуына зор үлес қосып, достық пен бірліктің дамуына ерекше атсалысқан, жалпы бар ғұмырын шығармашылыққа арнаған Гафар Агачиевтың алдағы арман-тілектері орындалады дегенге сенім мол. Еңбек жолында көптеген марапаттарға ие болған, олардың ішіне республикалық, облыстық, аудандық марапаттары бір төбе. Ал, өмірдегі ең үлкен марапаты – ол балалары. Екі қызы мен ұлынан көрген сегіз немересі бүгінде көз қуанышы, мақтанышы. Ал, кейіпкеріміз өз отбасының мақтанышы.

«Севинч» ансамблі тағы да әнге басты. Әуезді лирикалық әуен бойды баурап барады. Музыка, шығармашылық деп жалындаған жүрек, сезімтал көңіл ешқашан қартаймайды. Ол ешқашан уақыт заңына бағынған емес.

Зейнет жасыңыз құтты болсын, Гафар Асанқұлұлы!

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.