Шәкірт жеңісі- ұстаз жемісі

0

Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз! Себебі «ұстаз» деген қай заманда болсын қасиетті, қадірлі саналған. Бізді ең алғаш білім нәрімен сусындатып, қалам ұстатқан ұлағатты ұстаздарды ұмыту мүмкін бе? 

Ұстаз кез-келген жанды өмір сүруге тәрбиелейтін тұлға. Ұстаздың алдынан кім өтпеген? Кім оқымаған? – десеңізші. Әлемнің небір ойшылы да, мықтысы да ұстаз алдынан өтеді. Әрине, ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Өзгенің баласын өз баласынан артық көруі, оған біліммен қатар көңіл бөлуі үлкен жауапкершілік. Ұстаз оқушының айнасы іспеттес. Шәкірт ұстаздан үлгі алады, оны бойына дарытуға тырысады. Қазақта «Ұстаздан шәкірт озар» деген жақсы сөз бар. Кез-келген ұстаздың мақсаты шәкіртінің жетістігіне куә болу. Ал біздің мақсатымыз ше? Сәйкесінше ұстаздарымыздың басын басын тік ұстауына, «Менің оқушым!» деп жүректеріне қуаныш әкелуіне себепші болу. Тарихта Абайдың шәкірті – Шәкірім, Сүйінбайдың шәкірті – Жамбыл, Аристотель шәкірті – Ескендір сынды тұлғалар ұстаздарына ерекше құрметпен қараған. Оған мысал ретінде Ескендір өз ұстазын: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым деп еске алатын болған.

Біз қазір дамыған заманда өмір сүрудеміз, біз бақытты ұрпақпыз! Себебі сонау жылдары алғаш мектеп ашқан – Ыбырай Алтынсарин, ұлт ұстазы атанған – Ахмет Байтұрсынұлы, халықтың көзін ашқан – Міржақып Дулатұлы секілді аталарымыздың арманы ұрпаққа білім беру еді. Ал қазір біз ұстаздарымыздың арқасында  сол арманның ортасында өмір сүрудеміз.

Мен ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтте сауатымды ашқан алғашқы ұстазыма, №8 Өтеген батыр атындағы орта мектептің барша ұстаздарына алғысымды білдіремін! Мен бала кезімнен түрлі сайыстарға қатыстым. Соның ішінде жеңгенім де, жеңілгенім де болды. Ондай жағдайда қамыққан кездерімде аз емес. Бірақ маған деген ұстаздарымның қолдауы, сенімі мені алға қарай үнемі жетелейтін. Мен үшін кез-келген ұстаздың орны ерекше. Алдағы уақытта жетістіктерге жетер болсам мұның бәрі ұстаздарымның жемісі мен ерең еңгебінің көрінісі деп білемін.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев: «Шәкірті жоқ ұстаз – мылқау ұстаз» — деген екен, шәкірт ұстаздың атын шығарушы. Сондықтан әрбір жан ұстаздарына алғыс пен ілтипатын танытуы тиіс. Қай уақытта болсын ұстаз өзінің ерекшелігімен дараланып қала бермек!

Аяжан Сағындық, №8 Өтеген батыр атындағы орта мектебінің 11  сынып оқушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.