ШӘКІРТТЕР ҰСТАЗДАРЫН ҰЛЫҚТАДЫ

0

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – депті Хәкім Абай. Расында, адам бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына, оны тәрбиелеген ұстазының маңызы өте үлкен. «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі», – деп Мағжан Жұмабаев та толғаныпты. Ендеше ұлылар ұлықтаған ұстазына бүгінгілер құрмет жасап жатса несі айып.

Жақында Қаракемер ауылында білім алып, бүгінгі таңда аудан аумағында әртүрлі қызметте абыройлы еңбек жасап жүрген жерлестер жиналып, ұстаздарына құрмет көрсетті. 1 наурыз – Алғыс айту күні және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орайластырған шара аудан орталығындағы мейрамханалардың бірінде өткен. Бүгінде зейнет жасына шығып, отбасында өнегелі ана, ақ жаулықты әже атанып отырған 20 жанның басын қосып, шәкірттері құрмет көрсетіп, үйреткені білім мен тәрбие үшін алғыстарын айтып, мерекемен құттықтады. Алғаш қолға қалам ұстатып, білім нәрімен сусындатқан мұғалімдері де қалыс қалмай, сол бір кездерді әңгімеге арқау етіп, бүгінде үлкен, белді қызметкерлерге айналған шәкірттері туралы естеліктерімен бөлісіп, сол бір шуақты күндердегі қызықты сәттер туралы айтылып, жадыда жатталған мектеп өміріндегі елеулі шақ ойға орала берді. Осы күні ұстаз бен шәкірт арасында ерекше ілтипат сезіліп тұрды, ал бірлесе түскен естелік сурет талайдың жүрегін әлі жылдар бойы жылытары анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.