ШӨП ОРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

0

Жаз мезгілі шөп шабу науқаны басталатын маңызды уақыт.
Бүгінде шалғы, орағын қайрап, бітік өскен шалғынды шабуға кіріскен алқаптан тамаша иіс аңқиды. Ертеден бастап кешке дейін шөп шапқыш сүйреген тракторлар, дайын шөпті кезігімен тасымалдап жатқан жүк көліктерінде тыным жоқ.

Алдағы қыстан қысылмай шығу үшін аудан шаруаларына жалпысы 267 500 тонна шөп, 15000 тонна пішендеме мен 17000 тонна силос дайындау қажет. Аудан әкімдігінің ауыл шарушалығы бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек қазіргі таңда 167 978 тонна шөп, 8550 тонна пішендеме дайындалып үлгерген.
Көктем айларында мол болған жауын-шашын әсерінен қазір шөптің шығымы жақсы, қалың өскен. Ал, жоңышқа еккен шаруалар қыс мезгіліне толықтай дайын боламыз деген сенімде. Ең бастысы суармалы судан таршылық болмаса, екі-үш рет оруға жарайтын жоңышқаның жиналған көлемі де мол болмақ.
«Қыстың қамын жаз ойлағандар» қатарында Бетқайнардағы «Нұр – Ал» шаруа қожалығын ерекше атап өтуге болады. Қазірдің өзінде маяланып жиналған балғын шөп күн санап биіктеп барады. Қыстың қамын жасағандар қатарында «Қақпатас-Қордай» ЖШС бар. Ірі-қара мал өсіретін, кейінгі жылдары сүт бағытына аса мән беріп отырған серіктестік жұмысшылары жаздағы науқанды ойдағыдай орындап, күзгі жиын-терімге де сақадай сай екендіктерін айтуда.
Шаруалардың айтуынша қазір егін ору науқаны да келіп жетті. Бұл дегеніңіз шөп оруға жұмылдырылған техника енді егін алқаптарында барып, екі бірдей жұмысты атқаратын болады. Өйткені, жаз айының әр күні мен әр сағатын босқа өткізуге болмайды. Науқанның аты науқан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.