Шалғы-орағын шыңдап алып, шалғында шөп шабуға кіріскен шаруаның жұмысы қызып тұр. Биылғы жылы биіктігі белуардан келіп, оны шабуға кіріскен алқаптан тамаша иіс аңқиды. Таң азаннан кешке дейін шөп шапқыш сүйреген тракторлар, дайын шөпті кезігімен тасымалдап жатқан жүк көліктерінде тыным жоқ. Қазір қырдағы шөп шабу науқаны ойдағыдай аяқтаған шаруалар тау шөбін оруға кірісіп кетіпті.
Қордайдағы қыс адуында болатынын былтырғы жағдай көрсетіп берді. Қытымыр аяз, жолдары жауып, төтенше жағдай жариялатқан қарлы боран қыс қамын жаз айында жақсылап ойлану қажеттігін тағы бір мәрте ескерткендей. Былтыр қыстан қысылмай шығу үшін аудан шаруалары жалпысы 267 500 тонна шөп, 15000 тонна пішендеме мен 17000 тонна силос дайындаған болатын. Биыл сол межеден асып түсу мүмкіндігі бар. Өйткені, көктемдегі мол жауын-шашын көктің жақсы шығуына көп көмек болған.
Аудан әкімдігінің ауыл шарушалығы бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек аудан бойныша 27726 гектар аумақ шабындыққа белгіленген екен. Оның ішінде 23840 гектары көп жылдық шөптер, табиғи шабындық шөп 9038 гектар, сүрлемдік жүрегі 400 гектар. Осы аумақтан шөбін шауып, оны престеп, маялап жинап алу үлкен күш пен қаржыны қажет етеді. Осыған техникасын даярлаған ауданның шаруа қожалықтарында қазір дамыл жоқ. Шөп жинау науқаны аяқтала салысымен алда егін мен өзге де дақылдарды жинау науқаны күтіп тұрады.