1924 жылы бұрынғы Георгиевка, қазіргі Қордай ауылында алғашқы емдеу мекемесінің негізі қаланған болатын. Сол жылы Георгиевка ауылына алғашқы фельдшер келіп, ауылдың орталығында ескі ғимараттың бір бөлмесінде барлық науқастарды қабылдайтын алғашқы медициналық пункт ұйымдастырылды. Ал, 1930 жылы ауданда 10 төсектік алғашқы учаскелік аурухана ашылды. Осылайша бүгіндегі аудандық орталық аурухананың тарихы басталды. Жүзжылдық тарихы бар емхана қазіргі таңда үлкен медициналық мекемеге айналды.
Айтулы дата қарсаңында орталық ауруханада «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Қордай ауданы медицина саласының 100-жылдығына орайластырылып өткен конференцияға Қазақстан және Қырғызстанның түрлі медициналық мекемелерінен және жоғары оқу орындарынан келген білікті мамандар қатысты. Олардың қатарында медицина ғылымдарының докторы, професорлар, көп жыл осы салада еңбек еткен ардагерлер де болды.
Конференцияға сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай да қатысып, медицина қызметкерлерін құттықтады. Алдымен ғылыми-практикалық конференцияға шақырылған меймандар таныстырылып, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айдын Байбеков қысқаша баяндама оқыды. Кейіннен ол медицина саласында еңбек етіп жүрген бірнеше азаматты Алғыс хатпен марапаттады.
Іс-шара барысында медицина саласындағы қызметкерлердің күнделікті жұмысында кездесетін өзекті мәселелер талқыланды. Ал, конференцияның мақсаты – медицина мамандарының ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласына назарын аудару, өзекті проблемалардың шешу жолдарын қарастыру, заманауи емдеу әдістерін және технологияларын қолдану болып табылады. Себебі, қазіргі кезде Қазақстанда ел Президентімен жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі өз азаматтары үшін денсаулық сақтаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету.
Осы орайда ғылыми-практикалық конференияда спикерлер азаматтарды емдеудегі кездесетін түрлі аурулармен күресу, олардың алдын алу бағытында атқарылуы тиіс шараларды баяндап, өз ойларымен бөлісті. Білікті мамандар әсіресе асқазан-ішек жодары аурулары, жүрек-қан тамыр аурылары, сүйек-бұлшық ет аурулары жайында баяндамаларды көпшіліктің назарына ұсынды. Олар осы ауруларды емдеу және алдын алу жолдарын атап өтіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара қатысушылары ұйымдастырушы тарапқа алғыстарын айтып, медицина саласына қатысты тақырыптарда пікір алмасып, сұхбаттасты. Осыдан кейін аудандық Мәдениет үйінде Қордай ауданының медицина саласының 100-жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, ақ халатты абзал жандарды айтулы күнмен құттықтады.
— Қордай ауданының денсаулық сақтау жүйесі соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Жаңа заманауи медициналық жабдықтар алынып, емханалар мен ауруханалардың қызмет сапасы артты. Ауылдық жерлерге білікті мамандарды тарту, оларды тұрақтандыру, әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыру маңызды. Өздеріңізге белгілі медицина мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 5 дәрігерге пәтер кілті табыс етілді. Сонымен қатар, 2025 жылы Отар аймағы үшін жайлы медициналық реанимобиль көлігін сатып алу жоспарлануда. Осы жетістіктердің барлығы да ауданымыздың тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Сіздердің еңбектеріңіз ерең, әрі қасиетті. Әрбіріңізге мықты денсаулық, зор табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бүгінгі 100 жылдық мерейтойымыз құтты болсын! – деді Бегзат Болатбекұлы.
Құттықтау сөзінен кейін Бегзат Болатбеков ауданның медицина саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірнеше азаматты арнайы төсбелгімен, сонымен қатар бірқатар ақ халатты абзал жандарды Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады. Осыдан кейін құттықтау сөз кезегі «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозовке беріліп, ол да медицина қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады. Жиында медицина саласының ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы біржан Әлімбет те әріптестерін айтулы мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.
Осыдан кейін медицина қызметкерлерінің назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.