Шаңырақтың рухани шырағы

0

Өскелең ұрпаққа өсиетін айтып, ізінен ерген жас буынға ізетін аямайтын қарттар қашанда құрметке лайық. Қарияларды құрметтеу, олардың сөзіне құлақ асу – бабадан балаға сіңген қасиет.

Ауданды аралап жүріп қай елді мекенге барсақ та ауылдағы қарт адамның үйіне соғып, хәлін білуді игі дәстүрге айналдырған тілшілер осы жолы Қаракемердегі Самар Ақшабаеваның есігін қақтық.

Жасы ғасырмен шамалас болса да әлі күнге дейін үй шаруасына араласатын әже есікті өзі ашты.

— Амансыз ба, қалыңыз қалай? – деген сұраққа:

— Әй, несін сұрайсың, «былтырғыдан биыл төменмін», — деп жауап қатты Самар Әметбайқызы.

— Бұрынғы уақытта ауылдағы қариялардан «былтырғыдан биыл төменмін» дегенді естуші едім, осынау жасқа келгенде оның мағынасын енді түсіндім, — деген Самар Әметбайқызы бізді ол тіркесті ұқпай қалғанымызды түсінді.

Самар Ақшабаева 1930 жылы Қаракемер ауылында дүниеге келген. Әкесі Әметбай мен анасы Шаһарбүбіде Алла берген бес ұлы болса, Самар Ақшабаева жалғыз қыз екен. Сол жылдары өмір сүрген адамдардың тағдыры оңай болмағанын тарихтан білеміз. Аштық, соғыс… Әкесі соғысқа араласып, аман-есен ауылға оралды. Алайда, бауырлары соғыс алаңында шейіт болды. Тағдырдың жазуымен 1949 жылы әкесі Әметбайдан, кейіннен анасынан да айырылып, жетімнің күнін кешеді.

— Біз әйтеуір әрең дегенде тірі қалған жандармыз ғой. Бала кезімізде «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен ауыр еңбекке араластық. Аш-жалаңаш болдық, масақ теріп, егістікте, малдың соңында жүрдік. Соғыс жылдары Қаракемерде үлкен аштық болды. Керуге барып, аман қалдық. Көп адам қырылды. Біздің бейнетімізді сендер көрмеңдер, — деп Самар Әметбайқызы көзіне жас алды.

1953 жылы Бақырбай есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, алты бала босанды, біреуі шетінеп кетіпті. Екі ұл, үш қыздан бүгінде 16 немере, 43 шөбере сүйді. Самар Әметбайқызы өмір бойы еңбекке араласып келеді. Колхозда мал бағып, аспаз болды, орман шаруашылығында да жұмыс істеді. Жақында 8 наурыз күні 94 жасқа келген кейуананың әлі де қимылы ширақ. Өзі үй шаруасын істейді, нан жабады, малдарға жем-шөбін салып қояды.

«Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген қанатты сөз бар. Өмірден көрген түйін, тұрмыста көрген тәжірибесімен бөлісіп, әрдайым ақыл-кеңесін айтып отыратын қарияларымыз азайып барады. Небір қиын қыстау замандарда өздері аш бола тұра ел үшін, ұрпақтары үшін аянбай тер төккен олардың еңбегі баға жетпес.

— Біздің заманымызда жоқшылық болды, бірақ адамдардың пейілі кең еді. Көрші қолаң, туыс-жақындар болып бір-біріміздің үйіне барып араласып тұрушы едік. Ал, қазір адамдар бір-біріне бармайды, сол мені алаңдатады. Мүмкін заман өзгерген шығар, мен оны түсінбеймін. Не болса да, қазір керемет, жетілген заманда өмір сүрудеміз. Осыны ұмытпаңдар, шүкіршілік етіңдер, Алла бізге көрсеткенді сендерге көрсетпесін, — деп өсиетін айтқан Самар Ақшабаеваға біз де алғысымызды айтып, өткен туған күнімен құттықтап қайттық.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.