ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДЫҢ ШАРУАСЫ ШИРАҚ

0

Еліміз егемендігін алған тоқсаныншы жылдардан кейінгі өтпелі кезеңде кейбір азаматтар тығырықтан шығар жол тауып, кәсібін жүргізіп жатты. Егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамыған, өнеркәсіпте өзіндік орнын иеленген қордайлықтар табысының даңқы кешегі кеңестік кезеңнің өзінде алысқа кеткен болса, еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекетке айналған жылдардағы аяқ алысы да тағылымды үрдіспен алға басуда.

Ауқатты ауылдық округіне қарасты Өрікті ауылында 1998 жылы құрылған шаруашылық мал және егін шаруашылығымен қатар айналысып отыр. Шаруашылықтағы ерте көктемнен басталатын тірлік қара күзге дейін тынымсыз бейнетпен жалғасады. Қожалықтың жұмысына Жолдасбек Хасанов басшылық етеді. Жолдасбек Тұрысбекұлының айтуынша, биыл қырық гектар егістік алқабына арпа және бидай дақылы, он гектарға жоңышқа себілген екен. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, қыстың қамын қазірден бастап жасамаса ертең кеш болады. Осы мақсатта аталмыш шаруашылық уақытпен санаспай күндіз-түні еңбек етіп, егілген өнімді жинап алу үстінде. Әрине, көктемде тұқым сеуіп, күзде оны орып жинап алу жұмыстары техниканың күшімен атқарылады. Таяуда ғана, «ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы тиімді шартпен, өнім оруға септігін тигізетін «МТЗ 922.3» тракторын сатып алған. Одан бөлек, «Енисей-1200» маркалы комбайны теңіздей толқыған егістік алқабына жұмылдырылған екен. «Былтырғы жылы, аптап ыстықтан және жаздың жаңбырсыз болуына байланысты,  өнім бітік шықпады. Оған қарамастан биыл қырық гектар алқапқа арпа егіп, тәуекелге бел будым. Қазір егін орағын қызу жүргізудеміз. Көктемде жер жыртып, егу жұмыстарын жүргізсек, жазда мал азығын дайындаймыз. Ауылдағы тіршілік осы. Қазір әр күнді тиімді пайдалану қажет», -дейді Жолдасбек Тұрысбекұлы.

Онымен қоса, кәсіптің қыр-сырын меңгерген, көпжылдық тәжірибесі бар шаруагер үй іргесінде жиырмаға жуық ірі қара, жүзге жуық қой ұстап, мал бордақылап кәсібін өрістетуде. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», деген ұлы Абай тағылымының дұрыстығына шаруаның көзі баяғыда жеткен. Әсіресе табанақы, маңдай терімен мал басын құрап, шаруасын дөңгелеткелі бері осы сөздердің ақиқаттығына шындап ден қойды. «Әке көрген – оқ жонар», — дейтін мақалдың астарында терең мазмұн бар. Олай дейтініміз, жастайынан өзі еңбекке баулыған Жолдасбек Тұрысбекұлының ұлы, әкесіне отбасылық табыстың артуына жәрдем беруде. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Ендеше, біз де бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Өрікті» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз!

                                         Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.