Шалғайдағы білім шамшырағы

0

Ұстаз – тек білімнің емес, үміт пен болашақтың жаршысы. Әсіресе шалғай ауылда қызмет ететін мұғалімдердің еңбегі ерекше бағалауға тұрарлық. Аудан орталығынан алыс, қала мектептеріндегідей барлығы қолжетімді болмаса да, оларға ауыл балаларының болашағына бағыт-бағдар беріп, үлкен өмірге дайындау міндеті жүктелген. Осындай зор жауапкершілікті арқалап, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп жүрген ұстаздардың бірі – Эльмира Туғанбаева.

Эльмира Смаилқызы аудан орталығынан 112 шақырым жерде орналасқан Бел ауылында Оралхан Бөкей атындағы негізгі мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет етеді. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдаған ол еңбек жолын 2010 жылы №46 Аңырақай бастауыш мектебінде бастауыш пәні мұғалімі болып бастап, ұстаздық жолын 2013 жылдан  Бел ауылындағы мектепте жалғастырған. Міне, содан бері өнімді  еңбек  етіп, шәкірт  тәрбиелеу  ісінде  талмай  ізденумен  келеді. Мұғалімдердің төл мерекесі қарсаңында Эльмира Туғанбаевамен жақынырақ танысудың сәті түсіп, шалғай ауылда жұмыс істеудің қиындықтары, жалпы ұстаздық жолы жайында сұхбаттасқан едік.

–       Эльмира Смаилқызы, мұғалімдік қызметті таңдауыңызға не немесе кім себеп болды? Осы ауылда жұмыс істеуді қалай шештіңіз?

–       Осы мамандықты таңдауыма кеңес берген өзімнің анама қарыздармын, өйткені «Мұғалім барлық уақытта ең құрметті мамандықтардың бірі болып қалады», деп үнемі айтатын. Оқуымды бітіргеннен кейін, тұрмысқа шықтым, одан кейін Аңырақай ауылына мектепке орналастым. Ауылда өз біліміңді  жетілдіріп, білікті ұстаз болу өз қолыңызда. «Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» — деп, М.Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды, қабілетті ашу мұғалімнің ең басты міндеті, деп ойлаймын. Менің алға қойған мақсатым осы ауыл балаларының талантын облыс, Республика деңгейінде биік белестерден көрсету болды.

–       Ауылдағы білім беру жағдайы мен қалалық мектептердегі жағдайдың айырмашылығын қалай бағалайсыз?

–       Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе. Ауылдық жерде оқушы саны қалалық мектептің оқушыларына қарағанда  аз. Білім беру процесінде жаңа модификацияланған арнайы кабинеттер жоқ. Десекте, сабақ барысында қала мен ауылдың мектептерінің айырмашылығы жоқ. Компьютер, интерактивті тақталар ауылдың мектептерінде де бар. Ал сабақ сапасы ұстаз біліктілігіне байланысты.

–       Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығы қандай?

–       Ауыл оқушылары қазақ тілін жетік меңгерген. Пәнге деген қызығушылық мұғалімнен бастау алады. Өз сабақтарымда мен еркін сөйлеуге, өз ойын ашық жеткізуге ықпал жасаймын,  талапшыл әрі қатал да боламын. Әдебиет пәні – қоғамтанудың басты құралдарының бірі. Әрбір шығарманың өзінен ұғым, нәр, ләззат ала білмеген оқушының жан дүниесі ойдағыдай өсіп жетілмейді. Әрбір оқушы жанында көркем шығарманы қызығып оқитын ынта туса бұл білімнің басы. Сабақта романды талдап, бүгінгі өмірмен байланыстырып өту оқушының қызығушылығын арттырады.

–       Сабағыңызда қандай әдістемелер мен тәсілдерді қолданасыз?

–       Әрбір сабақ мұғалімнен үлкен қажырлы еңбекті, ізденісті, шеберлікті, шығармашылықты қажет етеді. Әйтпесе оқытуда қажетті нәтижеге жету мүмкін емес болар. Өз жұмысымда  оқушылардың оқу іс-әрекетін белсенді ұйымдастыра білемін. Инновациялық жұмыс түрлерін, дифференциалды оқу түрлерін қолдана отырып, пәнге деген қызығушылығын арттырамын. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану қажет. Сабақта тиімді платформалар арқылы оқушылардың белсенділігін көруге болады.

–       Шалғай ауылда жұмыс істеудің  қандай қиын тұстары бар?

–       Ең басты қиындық – жол мәселесі. Оқушылар аудандық олимпиада кезінде кешігіп, қыста жолдың мәселесі бойынша жарыстардан  қалып қалады. Дегенмен, амалын тауып қалдырмауға тырысамыз.

Ұстаз үшін әр оқушының жетістігі – зор мақтаныш. Эльмира Смаилқызының алғашқы түлеп үшқан шәкірттері бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп, биік белестерден көрініп жүр, өзімен әріптес атанғандары да бар. Білікті ұстаз болу үшін ол өз білімін үнемі жетілдіріп отыруға тырысады. Оқушыларды пәндік олимпиадалар мен түрлі конкурстарға белсенді түрде дайындап, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. «Бүгінгі ауыл мұғалімдерінің басты мақсаты – ауыл мектебінің болашағын жандандыру»,-дейді ұстаз.

Кез келген адам үшін жақындарының қолдауы маңызды. Кейіпкеріміз де отбасының қолдауының арқасында кәсіби жетістіктерге жеткенін ерекше атап өтеді. Ол үйінде сүйікті жар, үш баланың анасы, үлгілі келін. Жолдасы темір жолда қызмет етеді. Өз кәсібі мен отбасы туралы ойлана отырып, Эльмира өзін бақытты адаммын деп санайды: оның сүйікті кәсібі мен керемет отбасы бар. Әр оқушысының табысы мен жетістігін жүрегімен қабылдайтын ардақты ұстазға алдағы уақытта  шығармашылық табыс, мықты денсаулық, отбасылық бақыт және жаңа белестерді бағындыруын тілейміз. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.