17 қараша күні Халықаралық шала туған нәрестелер күні ретінде белгіленген. Бұл күн жарық дүниеге келуге асыққан шақалақтарды және оларға ерекше күтім жасауға мүмкіндік беретін заманауи медицинаның жетістіктерін еске алуға маңызды себеп.
Қордай ауданында жыл сайын орта есеппен салмағы 2,5 келіден аспайтын 100-110 бала дүниеге келеді. Бұл балалар әлсіз болып туылады, сондықтан оларға өмірлерінің алғашқы сағаттарында тиісті күтім жасау маңызды. Аудандық орталық ауруханада 32 апта мерзімінен бұрын туылған сәбилер Тараз перинаталдық орталығына жіберіледі, ал жағдайлары тұрақты нәрестелер Қордайдағы неонатология бөлімінде күтіледі.
Мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелерге ерекше күтім мен қамқорлық қажет екендігін айттық. Сондықтан ауруханада балаларға барынша жағдайлы жағдай жасалған, олар нәрестелер үшін қосымша күйзелістің пайда болуын мейлінше азайтуға мүмкіндік береді. Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында Қордай аудандық ауруханасына 2-ші деңгейде жедел жәрдемге мұқтаж нәрестелерге медициналық көмек көрсету үшін құрал-жабдық алынған, олар: нәрестелер мен шала туылған сәбилерге фототерапия жүргізуге арналған фототерапия аппараты; нәрестелердің өкпелерін желдетуге арналған реанимациялық аппарат. Бұл құрылғы нәрестелердің неонаталды асфиксиясы мен тыныс алу жетіспеушілігі кезінде қолданылады. Сонымен қатар, ашық реанимациялы жүйе (нәрестелерге арналған жылытқыш), нәрестелер мен балаларға арналған өкпені жасанды желдету аппараты, пациент мониторы, ол өмір үшін маңызды артериалдық қысым, сатурация, жүрек екпіні сынды көрсеткіштерді қадағалауға мүмкіндік береді.
17 қараша күні аудандық ауруханада Халықаралық шала туған нәрестелер күні мен Балалар жылына орайластырылған іс-шара өтіп, оған балалы аналар шақырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамды мерзімінен бұрын босанудың қауіптілігі мен зардаптары, жүктіліктің мерзімін түгел сақтау қажеттілігі мен профилактика туралы хабардар ету.
Іс-шараны бас дәрігердің балалық бойынша орынбасары Ольга Калиева ашып, қатысушыларды құттықтаса, үйлестіруші дәрігер Галина Соболева, неонатолог Динара Ахметова балаларды емізудің пайдасы турасында сөз қозғап, шала туған сәбилер мен нәрестелерге күтім жасау жолдарын түсіндіріп берді. Жиын барысында ата-аналар үшін перзенттерінің жаңадан туылған кездегі суреттері мен қазіргі кездегі суреттерінен жасалған слайд көрсетіліп, сауалнама ұйымдастырылды. Барлық қатысушыларға сыйлықтар таратылды.
Одан басқа «ашық есік күні» және невропатолог, неонатолог, педиатр, УЗМ маманы консультациялары ұйымдастырылды. Осындай іс-шаралар ауданның барлық емдеу-профилактикалық мекемелерінде өткізілді.
Қатысушылар медицина қызметкерлеріне ұйымдастырған мереке үшін алғыстарын білдірді.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА