31 қазан күні Тараздағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Бір шаңырақ астында» этножурналистика саласындағы облыстық шығармашылық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Дәстүрлі бәсеке биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай арнайы өткізілді. Этносаралық қатынастар тақырыбындағы материалдарды жазып-көрсететін, сондай-ақ, Қазақстанның даму жолына арналған іс-шаралар мен материалдарды насихаттайтын журналистерді ынталандыру арқылы отандық журналистиканың дамуына атсалысуды көздеген сайысқа жиырмаға жуық үміткер қатысты. Олар бәсекенің арнайы аталымдарына сай 2025 жылдың 1 қаңтарынан күні бүгінге дейін аймақтағы ассамблеяның атқарған жұмысы жөніндегі және арнайы айдарлар мен радио, телехабарларын өткізді.
Қазылар алқасы шешімімен «Баспасөздегі үздік журналист» номинациясы аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің бас редакторы Шолпан Сабановаға табыс етілді. Ал, байқауға қатысқан тағы бір тілшіміз Мадина Узбекова Алғыс хат пен арнайы сыйлыққа ие болды. Бұл аудандық басылымның облыста өресінің биік екенінің тағы бір дәлелі десек болады.
Ал, конкурс туралы жалғастырсақ, «Үздік тележурналист» номинациясы «Jambyl» телеарнасының редактор-жүргізушісі Райхан Иманбаеваға, «Үздік радиожурналист» номинациясы «Jambyl» радиосының тілшісі Лаура Бораштегіге, «Үздік мобилограф» номинациясы «Jambyl» телеарнасының редактор-тілшісі Риналь Рахматуллин және «Үздік фотограф» номинациясы облыстық «Aq jol» газетінің фотографы Ақәділ Рысмаханға табысталды. Жеңімпаз журналистер бағалы сыйлықтар және алғыс хаттармен марапатталды. Жиынға қатысушы өзге журналистерге ынталандыру сыйлықтары берілді.
Марапаттарды табыстау рәсімі барысында аймақтық ҚХА жанындағы Журналистер клубының төрағасы Марат Құлибаев пен мекеменің орынбасары Сәуле Құрманқұлова жүлде беруде ұстанған қағидаттар мен тәртіпті, ережені ескере отырып шешім шығарғандарын айтты.
«Шамшырақ» ақпарат