Күз мезгілі аудан шаруалары үшін қарбалас сәт.
Күні кеше егін орағын шашау шығармай сәтті аяқтаған диқандар бүгінде қант қызылшасы мен жүгері жинау жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Олардың қатарында Бетқайнар ауылдық округіне қарасты «Нұр-Ал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар.
Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі саналатын агроқұрылым бүгінде 200 тонна жүгері жинап үлгерген. Орташа өнімділік гектарынан 80 центнерді құрап отыр. «Биыл 200 гектар алқапқа егілген дәндік жүгеріден мол өнім алып отырмыз. Бұған шаруашылықтың әрбір жұмысшысы өзінің өлшеусіз үлесін қосуда» — дейді шаруашылық басшысы Дүйсенхан Оңгелдиев.
Сонымен қатар, серіктестік егін орағын ойдағыдай аяқтап, дәнді дақылдарды шашау шығармай жинап алғанын да айта кеткен жөн. Мысалы, биыл 700 гектарға бидай, 400 гектарға арпа себілген. Мамандардың мәлімдеуінше, бидайдың орташа өнімділігі гектарынан 23 центнерді құрап, арпаның өнімділігі 15 центнерден айналған. Сондай-ақ, серіктестік фермасында мал азығы жеткілікті мөлшерде дайындалған. Бұған дәлел ретінде 1000 тонна шөп, 1700 тонна пішендеме дайындалып, 1000 тонна сүрлем бастырылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіш. Жалпы, «Нұр-Ал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің малшылары мен егіншілері үшін биылғы жыл табыс-ты болды. Алайда, еңбеккерлер жеткен жетістікке тоқмейілсімей алдағы уақытта бұдан да жоғары көрсеткіштерге жетуді көздеп отыр.
Айта кетсек, биыл аудан бойынша 7661 гектарға дәндік жүгері себілген. Бүгінгі күнге оның 5100 гектары орылып, қамбаларға 40800 тонна дән бастырылды.