Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков қант қызылшасын өсіретін шаруалармен арнайы кездесу өткізді. Кездесуге ауыл шаруашылығы саласының мамандары, шаруа қожалықтарының басшылары және жауапты мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Шаруаларды мазалап отырған басты мәселе – Меркі қант зауытының қант қызылшасын қабылдауды уақытша тоқтатуы. Бұл жағдай шаруаларға үлкен қиындық тудырып отыр. Олар егістіктен жиналған өнімнің зауытқа жеткізілмей, далада қалуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіруде.
Кездесу барысында аудан әкімі шаруалардың барлық сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, бұл мәселенің тек Қордай ауданы үшін ғана емес, жалпы аймақтың қант қызылшасы өндірісіне де әсер ететінін атап өтті. Бірқатар ұсыныстар беріліп, аталмыш сұрақ аудан әкімдігінің қатаң бақылауында екені жеткізілді.