«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске қосылғаннан бастап Қордай ауданында 9 жоба мақұлданыпты. Бүгінгі таңда тағы үшеуі бағдарлама үйлестірушісі болып табылатын кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында қаралу үстінде екен. Кәсіпкерлікке кең өріс ашуға серпін беретін бағдарламаның ауданымызда іске асуы турасында аз-кем тоқталып өтсек.
Мақұлданған жобалар негізінен ауыл шаруашылық өнім өндірісі мен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Кәсіпкер алған қарызының 15 пайыздық жылдық сыйақысының 19 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланса, 6 пайызын кәсіпкер төлейді. Осының арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болып, өндіріс орындары қуаттылығын артыруға мүмкіндік алған.
Осы орайда бір-екі мысал келтіре кетсек. Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Самғау» шаруа қожалығы 2020 жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген несие алған. Өнімі мол дақылдарды себуді көздеп, егіс алқаптарын әртараптандыруға аса көңіл бөлінетін шаруашылықта жүгері мен пияздың жоғары сапалы тұқымдары, жанар-жағар май, минералды тыңайтқыштар, гербицидтер, пестицидтер, фунгицидтер сатып алынған. Бұл егіннің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні белгілі. Қазір бұл шарушалықта егінді егу жұмыстары озат агротехникалық талаптарды қолдану жүргізіледі. Оған қоса шаруашылықта техниканы жаңарту жұмыстары мықтап қолға алынған.
— Біз көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін несие алдық, ол қаражатқа жанар-жағар май, гербицидтер мен тұқым алдық. Жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мақұлданды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында алқаптар қажетті минералды тыңайтқыштармен өңделді, бұл өнімділікті арттыруға септігін тигізетін болады, — дейді «Самғау» ШҚ басшысы Евгений Трубников.
Тағы бір мысал, Қаракемер ауылына қарасты Керу ауылындағы «Жолан» шаруа қожалығы былтыр аталмыш бағдарламамен несие алып, 80 бас сиыр сатып алыпты.
— Мал түгел ветеринарлық тексеруден өтті. Жақында сиырлар төлдей бастайды, ұрғашы таналарды аналық табынға қосып, еркек малды бордақылауға қоямыз, — дейді шаруашылық басшысы Жайдар Сәрсембаев.
Шаруа қожалығы 45 гектар жерге дәнді дақыл мен көпжылдық шөп еккен, бұл қыс айларына дайындық шаралары.
Ауданның ауыл шарушалығын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқандар қатарында «Арлен» шаруа қожалығын ерекше атап өтуге болады. 2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қожалық басшысы Қайрат Оңғарбаев жылқы көбейтуге төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алған. Қымыз өндірісін қолға алған шаруа аудан тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Қазір Қайраттың қымызы үлкен сұранысқа ие. Шаруашылықта 120 бас жылқы, 200 гектар жайылым бар. Сонымен қатар сүт өндірісін дамытуды көздеген шаруашылықта 30 бас сиыр байлаулы тұр.
Шаруамды шалқытып, кәсібімді дөңгелетсем дегендер «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысу үшін кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жолығу қажет, онда жобаны сүйемелдеу бойынша қолдау көрсетіліп, жұмыс жүргізу үшін егжей-тегжейлі мәліметтер берілетін болады.