Ауданымызда күзгі жиын-терін науқаны басталып, бүгінде алқаптарда жұмыс қызу қарқын алған. Осы орайда газет тілшілері Масаншы ауылындағы «Щенхо» шаруа қожалығында болып, жұмыс барысымен танысып қайтқан болатынбыз. Бүгінде көпке үлгі болып отырған қожалық басшысы Керім Уджур екенін айта кеткен жөн болар.
Күз мезгілі молшылық айы болып саналады. Диқандардың егінін жинап, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ екені даусыз. Төккен тер мен еткен еңбек еленіп, оның жемісін татып жатса тіптен ғанибет. Біз сөз еткелі отырған шаруа Керім Суалихарұлы 2008 жылдан бері көкөніс және дәнді дақылдарды өсірумен айналысып келеді. Біз барған сәтте қожалық иесі болмаса да, жанына жалау боп, шаруа басында жүрген жақын туысы, көмекшісі Рахим Омарұлымен тілдесудің сәті түсті.
«Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» дегендей, табиғи өнімнің сұранысы қашан да жоғары. Шаруа қожалықтың басшысы туыс ағам. Барлығымыздың «илегеніміз бір терінің пұшпағы». Яғни, осы ауыл шаруашылығында диқаншылықпен айналысу. Жалпы біздің қожалық көп жылдардан бері егіншілікпен, оның ішінде көкөніс өсірумен айналысып келеді. Биыл да сол картоп пен пияз, малға арнап жоңышқа мен арпа, жүгері дақылын отырғыздық. Көлемді орын алғаны да сол картоп пен жоңышқа. 70 гектар жерге картоп, 100 гектар жерге жоңышқа ектік. Жұмысты оңтайландыру үшін арнайы ауылшаруашылық техникаларымыз да бар» — дейді Рахим Уджур.
Егінді егу оңай болғанымен оны баптау, өсіру қиын. Маңдай теріңді төгіп, еңбек етпесең, жерден пайда таба алмайсың. Өйткені, «Қарату бірде қарлы бірде қарсыз» дегендей, өнім де молшылықпен бола бермейтіні анық. Айта кету керек, бұл шаруа қожалығында егіс жұмыстарына 250 үлескерлер жұмылдырылып, өз нәпақасын теруде. Сонымен қатар, механик, механизатор, агроном лауазымындағы тұрақты қызметкерлері бар. Дала төсінде күннің ыстығына, желі мен жаңбырына қарамай еңбек етіп жүрген кез келген еңбек адамы қандай сый-құрметке болса да лайық. Елге келетін ырыс еңбекпен еселенетінін есімізден шығармаған жөн. Шаруалардың ел игілігі үшін жасап жатқан жұмысын көріп еріксіз көңілің серпіледі. Біздің ұққанымыздай, әзірге егіс алқаптарында жұмыс бір қалыпты жүріп жатыр. Әркім өз ісінің шебері болғандықтан, сепкен өнімінен шелектеп өнім алуға бел бууда.
«Тегінге көзіңді сүзбе, бақытыңды еңбектен ізде» деген нақыл сөз бар. Еңбекпен қатайып, бақытын еңбектен іздеген шаруа қожалықтың жұмысшыларының еңбегі жанып, мол несібеге кенелуіне тілектеспіз.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ