Шебер шабандоз

0

Бәйге десе делебесі қозып, қаны қызбайтын қазақ баласы жоқ шығар, сірә. Бабасынан ат жүгіртіп, жүйрік жаратқан текті елдің бүгінгі ұрпақтары да осы дара жолды жалғастырып келеді. Кейінгі жылдары елімізде ат ойындарына көптеп көңіл бөлінуі осы айтылғанға дәлел болмақ.

Қазіргі таңда кең байтақ даламыздың әр түкпірінде ат жарыстары ұйымдастырылып, бәйгеде бұрын соңды болмаған жүлделер сарапқа салынуда. Мұндай жүлделер атбегілердің қызығушылығын оятқанымен, жүйрік жарату оңай шаруа емес. Құлын кезінен танып, жүйрік шығарғанша баптап-бағуға таусылмас төзім қажет. Оның үстіне ат тану әркімнің бойынан табыла бермейтін қасиет. Ал, оның бәйге алатынына бірден бір себепкер бұл шабандоз. Қай бәйгеде болсын топ жарып келген жүйріктің әуелі иесі емес шабандоздың есімі аталады. Сондай шабандоздардың бірі қордайлық Дінмұхаммед Жолаушы. Дінмұхаммед бүгінгі таңда елге танымал шабандоздардың қатарында. Талай бәйгенің жүлдесін қанжығасына байлаған оның бұл мықтылығы атасының тектілігінен. Атасы Жолаушы да бала кезінен атқа шауып, аға жасында ат жүгіртіп бәйге алған. Әкесі Талғат Сәкенов те қалың жұртқа танымал атбегі. Атасы Жолаушы жүйрік жүгірткенде әкесі Талғат шабандоз болған. Ал, қазір Талғат атбегілікпен айналысуда. Шабандозы Дінмұхаммед. Дінмұхаммедті көпшілік Димаш деп атап кеткен. Әкесіне қарап өскен ол алты жасында атқа мініп, тоғыз жасынан топта шапқан. Бәйгеге шапқанда Димаштың өзіндік бір тәсілі бар. Атты жақсы сезінеді. Оны аңғарған елге белгілі атбегілер де жарыста жүйріктеріне мінуге қолқа салады. Бір күнде ол үш бәйгеде қатар шауып, соның екі бәйгесінде бірінші келген. Шабандоз болу әркім ойлағандай оңай емес. Ең бастысы үлкен жүрек керек. Қызығушылықтан бөлек атты сезіне білу, түсіну де маңызды. Димаштың бәйгеде оза шабуы тұлпарды өзі суытуында. Жарысқа қоспас бұрын атты алты ай дайындайды. Әуелі жүргізіп, уақыт келе желітеді. Тауға шығып, бұлшық етін қатайтып, атқа күш жинайды. Тұлпарын ұзақ уақыт дайындауының сыры оны тек бір жарысқа емес, бірден бірнеше аламанға қоса алуында екен.

-Бәйгеге шапқанда аттың күшін көп жұмсамаймын. Топтың артында жүруге тырысамын. Дәл суытылған кездегідей. Соңғы айналымға таяғанда топтың алдыңғы қатарына шығамын. Басқалар мені күш салды деп өздері де аттарын қамшылай түседі. Ал, бұл менің дайындық барысындағы әдісім. Мәреге аз қалғанда ғана жүгенді сілкіп қоя берем, — дейді Димаш.

«Жақсы атқа бір қамшы» демекші, ол жарыс басталғанда ғана атына қамшы сілтейді екен. Өзгелер секілді мәреге жүз қалғанда қамшыламайды және дара келуді қатты қажет етпейді. Өйткені тұлпардың күшін келесі бәйгеге сақтайды. Ат үстінде ол тек жүгенмен ғана жұмыс істейді екен. Оған мұның бәрін үйреткен әкесі. Әкесінің тәлімінің арқасында бала шабандоз талай белесті бағындырды. «Экспо-2017» жыл бәйгесінің жүлдесін ұтты. Қазақстан чемпионатында құнан бәйгеден бірінші келді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті кубогындағы құнан бәйгені жеңіп алды. Алматы қаласы әкімінің кубогын ұтты. Сонымен қатар, мықтылардың сынағы саналатын «Көкбастау» ипподромында «Алаш арғымағы» республикалық ат жарысында үшінші орынды иеленді. Балақай бұдан өзге де әр түрлі жарыстардың бас бәйгесін қанжығаға байлаған. Бүгінгі күнге дейін Димаш 200-ден аса бәйгеге шауып, соның 150 бәйгесінде жүлдегер атанса, қырыққа жуық бәйгеде бірінші келген. Осы жетістіктерінің арқасында ол жуырда «Шебер шабандоз» атағын иеленді. Шебер шабандоз бала күнінен әкесінің қасына еріп, ел-жерді көп аралады. Зиялы кісілердің батасын алды. Осындай ортаны көрген Димаш алғыр болып өсті. Сабақтағы үлгерімі де өте жақсы. Бүгінде ол №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының мақтанышы. Жан-жақты білімділігінің арқасында ол «Қазақстанның дарынды оқушысы» атағын алған. Осыған дейін де көптеген олимпиадаларды жеңіп, сөресі түрлі дипломдар мен алғыс хаттарға толы. Жуырда ғана өткен қазақ тілі пәнінен «ХХІ ғасырдың оқушысы» бірінші халықаралық арақашықтық олимпиадасын жеңді. Сонымен қатар, Димаш спортта да біраз жетістіктерге жеткен. Ол еркін күрестен облыстың үш дүркін чемпионы. Бірнеше республикалық турнирлерді бағындырып, бүгінде оның күрестен алған медальдарының саны қырықтан асып тұр. Соның арқасында оған «Қазақстанның спорт тарланы» атағы берілген. Димаш осы жылдан кейін шабандоздықты біржолата қоймақшы. Өйткені оның бойы өсіп, салмағы да артқан. Биылғы жылдың өзінде ол әкесі дайындаған «Үміткер» атты тұлпарымен үш бәйгеге қатысып, барлығында бірінші келген. Атбегі әкесі Димаштың шабандоздығы өзінен асып түскенін айтады. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» демекші, әкесінен енді атбегіліктің қыр-сырын үйренуде. Бүгінде Талғат Сәкеновтың баптауында бес тұлпар бар. Тектері де әртүрлі. Ағылшыны да бар, қолтумасы да бар.

-Әрбірінің бабы әртүрлі. Себебі жылқы да адам секілді ғой. Біріне жаққан бап, екіншісіне жақпауы әбден мүмкін. Оларды қыста қарға саламыз, жазда тауға мінеміз, желпіндіреміз, күш береміз, аяңдатып, желдіртіп ащы терін аламыз. Айта берсек аттың бабы бітпейтін жұмбақ дүние. Әркім әртүрлі жаратады. Оны түсіну үшін көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезіну қажет, — дейді Талғат Сәкенов.

Димаштан кейін Талғаттың дайын шабандозы өсіп келеді. Кенже баласы Назардың да атқа деген қызығушылығы зор. Алты жасар Назар бүгінде атқа мініп, ағасынан озамын дейді. Ендеше Сәкеновтердің отбасына сәттілік тілейміз.

Мадияр ҚАРАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.