«ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ»

0

Ерте заманнан бері адамзат тұрғызған небір сәулет құрылыстарды тастармен салып қана қоймай, сыртын безендіруді әдетке айналдырған. Себебі, табиғат сыйлаған бұл құрылыс материалына жетер ешбір зат жоқ, сірә. «Қордайдың тауы да алтын, тасы да алтын», деп Кенен ақын жырлағандай, қордайлық гранит күллі республикаға қала берді шетелге танымал. Ол өзінің беріктігімен, сұлулығымен және басқа жерде кездеспейтін ерекшелігімен дараланады. Кезінде Мәскеудегі «Қызыл алаңға» дәл осы қордайлық гранит төселген дейді-мыс.

Қордайдағы гранитті өндеу жұмысы сол Кеңес дәуірінен келген, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып келген өнер десе де болады. Оны өңдеу кез келгеннің қолынан келе бермейді, тас өңдейтін шеберлер де Қордайда кездеседі. Соның бірі – Евгений Николаевич Шматов. Шебер гранит тасы туралы бәрін біледі десе де болады. Ол осы материалмен жұмыс істегеніне 30 жылдай уақыт болды.

«Табиғат бізге ерекше материал сыйлады, — деп бөліседі бізбен Евгений Николаевич. — Біріншіден, оның сәндік қасиеттері мен пайдалану ерекшеліктері маңызды. Түрлі түсті гамма, жоғары беріктік — осы мені гранитте қызықтырады».

Евгений Николаевич 80-ші жылдарда-ақ өзіне осы кәсіпті таңдаған болатын. Жас шебердің алдында қиын міндет тұрды – ол бұл қолөнерді үйреніп қана қоймай, шеберліктің шыңына жетіп, нағыз кәсіпқой болғысы келді. Гранитті ескерткіштер, оларды жасауды үйрену оңайға түспеді. Себебі, бұл жұмыс өзінің ауырлылығымен қатар, асқан дәлдікті, мұқияттықты және нәзіктікті қажет етеді. Жылдар өте келе, құмарлық мамандыққа айналып, қазіргі таңда Евгений Шматов кәсіпкер болып отыр. Евгений Николаевич жұмысты өзі басқарып қана қоймай, өндіріс процесіне де қатысады. Олар Валерий Игоревич Архиповпен бірге жұмысқа шығармашылықпен кіріседі. Гранитті ескерткіштер, бордюрлар – бұл қызметтің негізгі профилі. Бірақ біздің кейіпкеріміз уақыт өте келе таспен жұмыс істеудегі қызығушылықтың артқанына байланысты граниттен жасалған бұйымның саны да біршама өсті. Қазіргі замандағы ланшафтты дизайнда қолданатын еркеше мүсіндер оның таланты мен қажырлы еңбегінің жемісі.

«Менің ойымша адам әрқашан өзінің кәсіби біліктілігін жетілдіріп, шеберлігін шыңдап отыруы керек. Әрине, мүмкін барлығын жасау қолынан келмес, десе де тұрақты дамусыз бір жерде тұруға да болмайды. Ерекше мүсіндерді қалай жасау керек туралы айтып кетейін: алдымен идея, содан кейін сурет пайда болады. Кейіннен мұның бәрі математикалық түрде есептеледі, маңызды мәселе – дұрыс материалды табу. Әр идея үшін шебер өз тасын табуы керек. Содан кейін ғана нақты жұмыс басталады. Біздің алғашқы жұмыстарымыздың бірі айналмалы шарлары бар субұрқақ болды. Мен онымен ұзақ уақыт жұмыс істедім. Мен оның сәтті іске асырылуын қаладым, әр бөлшекті есептедім. Шарлар судың қысымымен айналуы керек еді, оны логикалық тұрғыдан аяқтау менің көп жұмыс істеуімді және көп уақытты қажет етті», — дейді шебер.

Неліктен гранит? Мұнда, Евгений Шматовтың айтуынша, бәрі оңай: «Біріншіден, көп жылдан бергі жинаған тәжірибем, сондай-ақ таспен жұмыс істеудің қыр-сырын білуім арманыма қол жеткізуге болатынына сенім берді. Гранит – ерекше тас. Ол небір жауын-шашын, жел сынды табиғи құбылыстарға төтеп бере алады. Демек, одан жасалған зат көптеген жылдар бойы өзгеріссіз тұрады. Гранит бұйымдарына деген сұраныс ешқашан кеміген емес. Ірі қонақ үйлер, кеңселер мен жеке үйлер барған сайын күрделі мүсіндермен, мәрмәр немесе гранит субұрқақтарымен безендірілуде.  Әрбір тапсырысты орындау – үлкен еңбекті қажет етеді, сондықтан көп уақыт кетеді».

Әрине, шебердің туындысына бірінші кезекте оның жақындары, өндірістің басы-қасында жүргендер баға береді.

«Бәрі де көңіл-күйге байланысты. Мен шығармашылық адамымын. Егер менің қиялымдағы бір нәрсе сәтті шықса, ол жетістік деп санаймын. Ермек ретінде өзімнің үйімнің ауласын осы таспен безендіремін. Олар үнемі ауысып отырады. Сондықтан, менің ауламдағы тұрақты тұратын мүсінді табу қиын», — деп бөліседі кейіпкеріміз.

Оның шәкірттері де болды, бірақ олардың ешқайсысы ұзаққа жанында қалмады, өйткені тәлімгердің мамандықтың негіздерін түсінуге уақыты мен шыдамы жоқ.

«Гранитпен жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келетін кәсіп емес. Оған ерекше талант керек. Біреуді тастың қаттылығы қорқытса, екіншілері үшін ауыр еңбек жақпайды. Мұнда бір уақытта физика мен өнер бар. Кәсіби дағдылардан басқа, стандарттан тыс ойлау және қаласаңыз, бай қиялдың болуы да маңызды. Көптеген адамдар шынымды айтсам, үлкен жұмыс көлемінен қорқады, бірақ бұл жұмыстың болашақта қаншалықты қызықты болатынын бәрі біле бермейді», — деп шебер әңгімемізді қорытындылады.

Біздің кейіпкеріміздің алға қойған үлкен мақсаттары, армандары бар. Ал, оның орындалуына өзінің шеберлігі үміт береді. Оның шеберханасында әрдайым шығармашылық атмосфера болады. Оның шығармашылығының нәтижесі керемет өнер туындылары десек артық емес.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.