ШЕБЕРЛІК ПЕН АДАМИ ҚАЛЫПТЫҢ ҮЛГІСІ

0

Ауданның шежіресіне айналған басылым – «Қордай шамшырағы» — «Кордайский маяк» газетіміздің 90 жылдық тарихы бар. Басылыммен бірге жасасып, кейінгі ұрпаққа ақылшы бола білген, қаламы қарымды, қиялы жүйрік аға буын өкілдерінің бірі – Құрманбек Әлімжан өзінің мерейтойын атап өтуде. Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын кәсіп. Осы бір маңызды кәсіп иелерінің бірі Құрманбек Әлімжан. Ол 1953 жылы Қаракемер ауылында дүниеге келіп,  Киров атындағы (бүгінде Әл-Фараби атындағы) ҚазМУ-дің журналистика факультатін оқып бітірген. 1979 жылдан ССРО, 1992 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жарты ғасырға жуық өмірін осы салаға арнаған ағамыздың қаламына ілінген әр тақырып өзектілігімен, терең мазмұнымен, өміршеңдігімен ерекшеленетіні рас. 1976 жылы жуналистикадағы еңбек жолын аудармашылықтан бастап, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары лауазымдарында қызмет етті. 2004 жылғы мамырдан 2007 жылғы қазан айына дейін аудандық газеттің редакторы болды. Көп жылдар бойы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі қызметін қоса атқарып жүрген Құрманбек ағамыз 2011 жылдың қаңтар айында облыстық газет редакторының орынбасары, ал 2013 жылдың шілде айында бас редактордың бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Осылайша, аудандық газеттің аудармашысы болып бастап, облыстың бас басылымында редактордың бірінші орынбасарына дейінгі қызмет биігіне көтеріліп, 2016 жылы тамыз айында зейнеткерлікке шыққан журналист ағамыз Құрманбек Әлімжан өмірінің жетпісінші асуына аяқ басқалы отыр. Осы ретте құрметті ағамыз жайлы біршама ой қозғауды жөн көрдік.

Қолымызға Қ.Әлімжанның 60 жасқа толған мерейтойы қарсаңында белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлының жазған тілегі түскен еді: «Редакцияда қызметін аудармашыдан бастап, әдеби тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редакторына дейін жүріп өтіп, бүгінде «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарып жүрген Құрманбек өз туған өлкесі, өскен ортасы жайында үнемі терең таныммен тебіреніп келген. Ол Қордай тарихындағы Қордай елі туралы бұлай еткен бірден-бір журналист десем артық айтқаным емес.

Құрманбек бәріне өзінің қалам қуатымен жетті: оны ешкім де жетелеп, жебеген жоқ. Қандай да бір қиындықтар, қым-қуыт шақтар, қисық келген сәттерде, оны күйреп кетуден сақтаған сол қаламы. Соған сүйенді, соған сенді. Ешкімге ешқашан қиянат жасамаған кісілігін мият тұтты. Осының барлығына оны тәрбиелеген жылдар бойы жазған журналистік жазу өнері еді. Нені де адамдардың бойынан жақсылық пен ізгілікті іздеп жазу, оны өзінің парызына санау журналистің өзін сол жақсылық пен ізгілікке өзгелерге қарағанда анағұрлым жақындата түседі. Осыдан барып оның бойында түсінік пен кісілік теңдей тербетіліп тұрады», деп жазған екен.

Шын мәнінде, Несіпбек Дәутайұлының журналист ағамызға берген осы бағасы нағыз әділ баға ма дерсің. Өйткені, өңіріміздің талантты тумасының қаламы жорға жүрісінен жаңылған емес. Мақалалары аудандық, облыстық басылымдардан бөлек, еліміздің басты газеті «Егемен Қазақстан» сияқты ірі басылымдарда жарық көріп келген. Оның өмірлік ұстанымы — журналист үшін туған жерінің перзенті болып қалуы маңызды. Міне, осылайша, газеттегі еңбек жолымен бір мезгілде Құрманбек ағамыздың қаламынан туған бірнеше кітабы басылып шығып, бүгінде аудандық кітапхананың төрінен орын алып, ел ішінде сұранысқа ие басылымдардың біріне айналған. Әр жылдары жарық көрген «Киелі Қордай», «Кебекбай шешен», «Қаламым – алтын қазығым», «Қазыналы Қордай» және «Парасат биігінде» атты кітаптары Қордай өңірінің тарихына қатысты жазылған құнды дүниелер болып табылады. Мәселен, «Киелі Қордай» атты кітабы негізінен Қордай топырағында жаралып, атағы алысқа кеткен ғалым, жазушы, өнер қайраткерлері, қарапайым еңбек адамдары және осы өңірдің талайлы тарихи оқиғалары туралы жазылған. «Қаламым – алтын қазығым» атты кітабында дарынды қордайлықтардың тыныс-тіршілігі суреттеледі. Аға мақалаларының ішінде қара нар көтерердей шығармалары да бар. Мәселен, облыстық «Ақ жол» газетінде оның «Хан Кененің рухы бізге нені ескертеді?» деген тарихи танымдық көлемді мақаласы жарияланған. Онда қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының Қордай жеріндегі соңғы шайқасы туралы зерттеуге негізделген деректері келтірілген.

Құрманбек Әлімжанның 90 жылдық тарихы бар аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде отыз жылдан астам уақыт бойы еңбек еткені белгілі. Осы тұста журналистің аудандық газетке басшылық еткен жылдары жайлы айтпаса болмас. Қ.Әлімжан редактор болып қызметке келген соң оның алдында «Халық банкінің» екінші қабатында, одан соң «Қазынашылық» ғимаратының кіреберісінде қоныстанып келген редакцияға бүгінгі «шамшырақтың» ғимараты берілді. Материалдық база біршама жаңартылып, компьютерлер мен қызметтік автокөлік алынды.

Ол әрдайым «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп, үйретуден жалықпай шәкірттерге журналистика деген бекзада мамандықтың қыр-сырын үйретті. Бүгінде Құрманбек Әлімжанның көптеген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүргенін де атап өту керек.

«Журналист сергек жүруі керек. Өмірде жарқ еткен жаңалықты қалт жібермей, дер кезінде ұсына білу керек. Ұшқырлық керек. Қазіргі қоғамның талабы да, сұранысы да басқа» дейді Құрманбек аға.

Бір айта кетерлігі, зейнет жасына шықса да, ағаның қаламы қолынан түскен емес, қоғамның мәселелеріне өзіндік үнін қосып, ой-пікірін айтып отырады. Тартымды да танымдық материалдарын газетімізге ұсынып, жазудан жалықпайды.

Жетпістің жалынан ұстаған Құрманбек аға  — тек жүйрік журналист емес, адал жар, мейірімді әке, мейірбан ата. Өмірлік жары София тәте екеуі төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Ұл-келіндері Мұрат-Мақпал, Олжас-Раушан, Маралбек-Тамара, Жарасқан-Ардагүлден сүйген немерелерін мақтан етеді, солардың тәрбиесіне өзіндік үлесін қосып, жақсы адам болып өсіп жетілуіне барынша үлес қосып келеді.

Қ.Әлімжанның көптеген жылдарғы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағасын алды. «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен марапатталған. ҚР Журналистер одағы басқармасының Құрмет грамотасы, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталары да ағамыздың еншісінде. Оған қоса, Қордай ауданы әкімі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте наградталған. «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына – 30 жыл» төсбелгісі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Қордай ауданының құрметті ардагері» төсбелгісі тағы бар. Ал биылғы журналистердің кәсіби мерекесінде Құрманбек Әлімжан «Жамбыл облысының үздік журналисі» деген атаққа ие болды.

Шерхан Мұртазаның айтқан сөзі бар: «Жетпіс деген «жет-жеттім» деген, «піс-пістім» деген мағына береді». Журналистикада жүргенде қай жанрға болмасын қалам тербеп, шебер суреттей білетін, сол тұрғыдан алғанда көптің көңілінен шығып жүрген ағамыздың шығармашылық жолы біз үшін үлкен үлгі-өнеге. Шеберліктің ғана емес, адами қалыптың, сыйластықтың, мәдениеттіліктің үлгісі бола білген Құрманбек ағамызды «Қордай шамшырағы» газетінің ұжымының атынан мерейтойымен құттықтаймыз!

Алдағы кезде де жазатын тақырыптарыңыз, асар асуларыңыз көп. Қаламыңыз ұшты, денсаулығыңыз мықты бола берсін! Жазарыңыз көбейіп, оқырман жүрегінен жол табатын шұрайлы шығармаларыңыз жарыққа көптеп шыға берсін! Жетпіске желпініп жеттіңіз, енді сексеннен сүрінбей, тоқсанға тоқтамай, жүзге жете беріңіз деп тілейміз, құрметті Құрманбек аға!

Анжела ИЗАЕВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.