Домбыра – қазақтың жаны. Қос ішектен төгілген күймен халқымыз қуанышын бөлісті, шерін тарқатты. Сонау ғасырлардан жеткен киелі аспап бүгінгі ұрпақтың да рухани серігіне айналып отыр. Сондықтан болар, әр қазақтың шаңырағында домбыра төрден орын алады. Ал сол домбыраны жасау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, табандылық пен талғамды талап ететін өнер.
Міне, сондай зергер қолды, өнерге адал жандардың бірі – Қордай ауылының тумасы, қолөнер шебері Жеңіс Райымбеков. Ол – ұлтына деген сүйіспеншілігін домбыра арқылы білдіріп жүрген шебер.
– Домбыра жасау – мен үшін жай кәсіп емес, бұл – жүрек үні. Қолымнан шыққан әрбір аспаптың жан-дүниесі бар. Менің мақсатым – халқымыздың ұлттық мұрасын келер ұрпаққа жеткізу, – дейді Жеңіс Дүйсебайұлы.
Ол бала кезінен өнерге жақын болды. Қордай ауылындағы Д.Қонаев атындағы мектепте 6-сыныпқа дейін оқып, кейін ата-анасымен бірге Алматыға қоныс аударады. 7-9 сыныпты Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы мектепте жалғастырады. Мұнан соң сол оқу ордасының колледжінде «керамика» мамандығы бойынша білім алып, кейін ағаш өңдеу шебері мамандығы бойынша академияны тәмамдаған.
– Бірінші сыныптың өзінде-ақ суреттерім сынып қабырғасында «Жеңістің көрмесі» деген атаумен ілулі тұратын. Әртүрлі жануарлар мен ертегі кейіпкерлерін бейнелеуге құштар едім. Бұл өнерге деген махаббатымның бастау көзі сол кезде-ақ байқалған болар, – дейді ол жымиып.
Жеңістің қолөнерге деген қызығушылығы тегін емес. Бұл қасиет оған туған атасы Ералы Райымбековтен дарыған. Жаңатұрмыс ауылында еңбекке баулу пәнінен сабақ берген ұстаз атасы да өз қолымен түрлі бұйымдар, домбыра жасаудың шебері болған. Немересінің бойындағы ұшқынды дер кезінде байқаған да сол кісі болатын.
– Атам үнемі «қолыңнан өнер кетпесін, балам» деп отыратын. Сол сөз менің өмірлік ұстанымыма айналды, – дейді шебер.
Академияны тәмамдаған соң Жеңіс алты жыл бойы өзі оқыған оқу орнында ұстаз болып еңбек етті. Бүгінде Алматы қаласында, ата-анасының кәсібіне қолғабыс болуда.
Үйінің жанынан ашқан шағын шеберханасы – оның сүйікті орны. Қолы қалт еткенде осы шеберханада домбыра, қобыз секілді ұлттық аспаптар мен керамикадан түрлі бұйымдар жасайды. Қайың, қарағаш сынды ағаш түрлерімен жұмыс істейді. Ең берік домбыралар қарағаштан дайындалады екен. Бір домбыраны құрастыруға шамамен бір апта уақыт кетсе, сүйектен ою ойып, көркемдеп-безендіруі бір айға дейін созылады.
Ұлттық мұра – ұлттың қазынасы. Оны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – әрқайсымыздың міндетіміз. Осындай асыл мұраны жаңғыртып, жаңа тыныс беріп жүрген Жеңіс сынды шеберлер барда қазақтың өнері ешқашан өшпейді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ