Шекараға жақын орналасқан аудан жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеу мен әскери қызметтің имиджін арттыру мақсатында аудандық мәдениет үйіне ҚР ҰҚК Шекара қызметі Ансамблінің өнер ұжымы концерттік бағдарламамен келді.
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында өткізілген думанды шараны ҚР ҰҚК Қордай ауданы шекара басқармасының өкілдері мен жас сарбаздары және аудандық өнер саласының қызметкерлері тамашалады. Мәдениет үйіне жиналған көрермендер халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанған талантты әскери қызметшілердің өнерлерін жоғары бағалады.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың мамыр айында Шығыс Қазақстан облысынан бастау алған өнер ансамблінің концерті еліміздің бірқатар шекаралық аймақтарында өткізілмек ниетте екен.
«Біздің негізгі мақсатымыз – шекара қызметінің дәрежесін көтеру, шекара қызметі сарбаздарын және жергілікті халықтың бір-біріне деген қарым-қатынасын күшейту»,-дейді оркестр бөлімшесінің басшысы Әділбек Айтбайұлы.
Концерт Қазақстан халқының дәстүрі мен тарихын, мәдениетін құрметтеуге, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, Отанға адалдықпен, ерлікпен қызмет ету даңқын дәріптеуге бағытталған іс-шаралардың жалғасы іспетті.