7 шілде күні шекара маңындағы аудандарда құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімділігі және заңдылықты сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік, құқық қорғау және арнайы органдардың Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Кеңес мүшелері алдымен аудан әкімі Рүстем Дәулетпен бірге Ауқатты ауылдық округі жанынан өтіп жатқан «Бішкек-Нарын-Торугарт» автожолының учаскесімен танысып, шекара маңына қатысты мәселелерді талқылады.
Келесі кезекте кеңес мүшелері «Шөміш» су торабының жұмысымен танысып, Қордай ауылы жанындағы шекарашылар қалашығында арнайы жиын өтті. Кеңес отырысына Жамбыл облысының құқық қорғау және арнайы органдарының бірінші басшылары, Қырғыз елімен шекаралас орналасқан аудандардың әкімдері қатысып, жиынға облыс прокуроры Н.Әбдіров төрағалық етті. Облыс прокуроры мемлекеттік шекарада заңдылықты қамтамасыз ету мемлекеттің экономикалық дамуына және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға оң әсер ететінін атап өтіп, шекара маңындағы аудандарда құқық бұзушылықтың алдын алу және заңдылықты сақтау мәселесі әрбір уәкілетті органның өзара іс-қимылын ұйымдастыруды және жұмысын күшейтуді талап ететін қадағалау қызметінің маңызды бағыты болатынын жеткізді. Кеңес отырысында облыс прокурорының орынбасары Н.Ұласбекұлының аталмыш тақырып аясындағы баяндамасы тыңдалды.
«Өткен жылы шілде айында өткен Үйлестіру кеңесінің отырысында мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелерінде бірқатар жүйелі проблемалық мәселелер айқындалған болатын, оларды шешу жөнінде жоспар да бекітілген. Төрт бөліктен тұратын жоспар 15 тармақты құрап, бүгінде соның төртеуі орындалса, 10-ы кезең-кезеңімен іске асуда, ал біреуі өзектілігін жоғалтты», — деген Н.Ұласбекұлы орындалған әр тармаққа тоқталып, атқарылған жұмыстар жайын кеңінен атап өтті.
Бандамашы сонымен қатар, шекараның осал тұстары арқылы заңсыз көші-қон, тиым салынған заттар контрабандасы әлі тиылмай тұрғанын жеткізді. Осылардың ішінде шет ел азаматтарының елге көліктің екінші жүргізушісі ретінде келіп, қалып қойып жатқан жағдайлар былтыр карантин күшейген шақта көп орын алған. Ал, шекарадағы криминогендік жағдайға келер болсақ, ағымдағы жылдың 6 айында шекарамен байланысты 116 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. 76 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, айыптау үкімі шығарылған.
Баяндамада мәлім болғандай, соңғы жылдары шекара арқылы есірткі заттарын алып өту фактілері азайған. Дейтұрғанымен, ағымдағы жылы Батыс Қазақстан облысында үлкен көлемде героин мен гашишті Ресейге алып өтпек болған қырғыз елінің азаматы қолға түскен. Оның ол өңірге Сыпатай батыр өткізу пунктінен өткені мәлім болған. Бұл мобильді құрылғылардың тиімсіздігімен қатар шекара күзет қызметкерлерінің салғырттығын аңғартады, деді баяндамашы. Облыс прокурорының орынбасары шекарада сыбайлас жемқорлық фактілері, оның алдын алу, әшкерелеу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, одан кейін экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдар турасында сөз етті.
Жиынға қатысқандар аталмыш тақырып турасында сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Кеңес соңында шекара маңындағы проблемалық мәселелерді талқылау нәтижесінде шекара жанындағы аудандарда құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 2020-2021 жылдарға арналған жиынтық жоспар шеңберінде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар кешені жаңартылды.