Қордай ауданыдық сотымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен деп айыпталған Р.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 392бабының 1-бөлігімен.)
2024 жылдың наурыз айында азамат Р. қызметтік қажеттілігіне байланысты Қырғыз Республикасына қарай шыққысы келген. Алайда, оған екінші деңгейлі банктен алынған несиенің уақытылы төленбеу салдарынан, Алматы қаласы бойынша жеке сот орындаушысының ұсынысымен 2021 жылы Қазақстан Республикасының аумағынан уақытша шығуға шектеу қойылған.
Соған қарамастан, Р. Қырғыз Республикасындағы жұмысының маңыздылығына байланысты және Қазақстан Республикасының аумағынан уақытша шығуға шектеу қойылғанын біле тұра, өзінің туған ағасының құжаттарымен 13.03.2024 жылы Қырғыз Республикасына қарай Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қордай ауылы, Жібек жолы көшесі, №1 мекенжайында орналасқан «Қордай» шекаралық бақылау бөлімі арқылы Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткен.
Сондай-ақ, осындай заңсыз іс-әрекеттерді Р. бірнеше рет жасаған, атап айтқанда алты рет Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткен.
Алайда, 08.02.2025 жылы Р. Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасына қарай Қордай ШББ арқылы Мемлекеттік шекарадан өтуге шекара нарядына бауырының құжатын ұсынған уақытта шекара қызметкерлерімен заңсыз өтіп жүргені анықталған.
Сотта сотталушы кінәсін мойындап, асырауында кәмілет жасына толмаған 4 баласы мен әкесі бар екенін алға тартып, бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза қолдануды сұрады.
Соттың үкімімен сотталушы Р. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы баппен 8 (сегіз) ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 63-бабының 1,3-бөліктерін қолданып, Р.-ға тағайындалған жаза шартты деп есептеліп, жәбірленушілерге өтемақы қорына 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 36 920 (отыз алты мың тоғыз жүз жиырма) теңге мәжбүрлі төлем өндірілді.
Үкім заңды күшіне енді.
Қордай аудандық сотының баспасөз қызметі