«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Әлжан ана ауылындағы мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның Құрметті журналисі, мәдениет майталманы, Қордай ауданының Құрметті азаматы Асқарбек Ақылшаұлы Сейілханның 75 жас мерейтойына арналған «Шер ағаның шекпенінен шықпасам да…» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Іс-шараға аудан ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары мен жастар қатысты.
Жиын Асқарбек Ақылшаұлының Шераға бейнесінде сахналық қойылымнан үзінді оқуымен басталды. Одан кейін ол «Шерхантану» орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалықпен еркін форматтағы сұхбат өткізіп, өмір жолы мен шығармашылығы туралы сыр шертті.
Шараға арнайы Тараз қаласынан келген ардагер журналист Бекет Момынқұл мен «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт қаламгер туралы естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды құттықтауларын жеткізді.
Сондай-ақ Қордай ауданының Құрметті азаматтары Әбдібек Сейілхан, Біржан Әлімбет және Құрманбек Әлімжан Асқарбек Ақылшаұлының бала кезінен бастап бүгінгі биік тұлғалық деңгейіне дейінгі өмір жолын, кино, сахна мен журналистика саласындағы еңбегін атап өтті. Жиын барысында Асқарбек Ақылшаұлына «Қордай ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісі табысталып, иығына шапан жабылды.
Сонымен қатар аудан әкімі Бегзат Болатбековтің атынан Құттықтау грамотасы табыс етіліп, қадірлі азаматқа зор ілтипат көрсетілді.
Жиын соңында «Шер ағаның шекпенінен шықпасам да…» атты кітаптың бір шоғыры Қордай аудандық орталық кітапхана қорына табысталып, сондай-ақ жиналған көпшілікке таратылды.
Жандос ОМАРОВ