«Ауылдың қызы» деген никпен TikTok желісінде танылған бойжеткен бүгінде 67 мыңнан астам оқырманның сүйікті блогеріне айналған. Оның видеолары миллиондаған қаралым жинап, қолданушылардың ықыласына бөленуде. Біз қарапайым ауыл қызының танымалдылыққа қалай қол жеткізгенін және оның ерекше контентінің құпиясын білу үшін жақынырақ таныстық.
Бахыттың TikTok-тағы жолы 2024 жылдың жаз мезгілінде басталған. Бахыт ата-анасының тұңғышы болғандықтан, бала күнінен оларға қолғабыс болып келеді. Үй шаруасы мен түздегі жұмыстарды қатар алып жүрген ол, ауыл өмірінің нағыз бейнесін көрсетеді. Мәселен, түптелген шөпті тасып, қапқа салынған азық-түліктерді көтеріп жүрген сәттерін көрсеткен видеосы TikTok-та 2,5 миллион қаралым жинаған. Ал анасы мен сіңілісінің киімдерін үтіктеп, шаштарын сәндеп, тойға дайындаған видеосын 2 млн адам қараған. Бұл видеолар оның еңбекқорлығы мен қарапайым өмірге деген сүйіспеншілігін айқын көрсетеді. Сондықтан да жастардың назарын бірден аударды. Бахыттың айтуынша, оның контенті қалалық жастар үшін ерекше әрі қызықты. «Қазір ауыл өмірі ұмытылып бара жатыр. Мен оны қайта еске салып, оның қаншалықты маңызды әрі қызықты екенін көрсеткім келеді.
Ауылдың күнделікті тіршілігі, еңбектің бағасы мен табиғаттың сұлулығы – ұмытылмауға тиіс құндылықтар» – дейді жас блогер.
TikTok – тек қызығушылық үшін ғана емес, табыс көзі де. Кейіпкеріміз тікелей эфирлер арқылы күніне 25-40 мың теңге табыс табады. Бірақ блогерлік оған табыс емес, хобби ретінде қызық. «Егер бір күнде миллион оқырманға жетсем, әлемдік деңгейдегі блогер болуға талпынар едім. Дұрыс қолдана білген адамға әлеуметтік желінің пайдасы көп. Ол жаңа білім мен ақпарат алудың тиімді құралы бола алады. Сонымен қатар, өз қызығушылықтарыңды бөлісіп, шығармашылығыңды дамытып, табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді. Әлеуметтік желі арқылы адамдармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға, жеке бренд қалыптастыруға жол ашылады. Ең бастысы – оны ақылмен, мақсатты түрде пайдалана білу»,– деген пікірде ару.
Блогер болудың бір қиындығы – сын мен жағымсыз пікірлер. Бірақ Бахыт оларға назар аудармайды. «Әр адамның өз пікірі бар. Мен сынды дұрыс қабылдауға тырысамын», – дейді ол.
Бахыт Тәжібайқызының тиктоктан бөлек, тағы бір қызығушылығы бар, ол – тәтті тағамдар жасауға деген махаббаты. Төртінші сыныптан бастап тамақ жасауға қызығып, жетінші сыныптан бері торт пісіре бастаған ол бұл өнерді анасының қолдауымен және интернет арқылы үйренді. «Мен жақындарымды қуанту үшін торт пісіремін. Отбасымыздың сүйікті торты – «Молочная девочка»,-дейді.
Бахыт – Жамбыл Жабаев атындағы мектептің оқушысы. Сабақтан бос уақытында анасын дүкендегі кассирлік жұмысынан алмастырып, отбасының жауапкершілігін бірге бөліседі. Бұл оның еңбекқорлығы мен жанұясына деген қамқорлығын көрсетеді. Бахыттың арманы – әлемге әйгілі актриса болу және ата-анасын қасиетті Меккеге апару. Жоғары оқу орнына грантқа түсіп, арманын жүзеге асыруға ниетті.
Әлеуметтік желіде әйгілі болу үшін қалада тұрудың немесе қымбат дүниелердің болуы міндетті емес екендігін, ауылдың боямасыз тірлігін көрсетіп-ақ миллиондаған аудиторияға қол жеткізуге болатынын дәлелдеп жүрген «Ауылдың қызы» көпшіліктің ықыласына бөленіп, арман-мақсаттарына жетсін деген тілегімізді білдіреміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ