Осы айда 80 жасты еңсеріп отырған «Қордай ауданының Құрметті азаматы» Әбдібек Сейілханұлы соқтықпалы-соқпақты ғұмырында талайды көрді. Әу бастағы жүрек қалауы жазу өнері болыпты. Филолог немесе журналист болу еді арманы — экономист болып шықты. Оқушы күндерінен қолынан кітап түспей, әдебиетке құштар болған. Он бес жасынан ішкі жан толқынысын өлең сөзбен өрнектеуді бастайды. Сондағы балауса өлеңдері қатталған қалың дәптерлерін әлі күнге дейін сақтап келеді екен. Бозбала шақтағы әуесқой тілшіліктен басталған ғадетімен қазір де ара-тұра баспасөз беттерінде өзекті тақырыптарда қалам тербеп отырады.
— «Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген ғой дана халқымыз. Мен жастайымнан ауыл қарияларының аузынан небір көне өсиет, тарихи әңгімелерді, шешендік сөздерді көп естіп, кітаптардан да оқып қазақтың айтыс, эпос жырларына әуес болып өстім, — дейді Әбдібек аға жазуға, жалпы өнерге құштарлығы жайлы, бүгінгі таңда өзінің де солардай қазыналы қарттыққа жетуінің сыры қайда екенін меңзей ұқтырып. «Жақсы адам қазына жимайды, өзі қазынаға айналады» деген осы емес пе?! Десе де, жазу өнері оның бос уақытта айналысар әуесқой тірлігіне айналып қалды да, шынайы өмірдің адуын ағысы оны өз арнасына қарай бұрып әкетті.
Әбекең өз тағдырын өз қолымен жасаған адам. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мектепті жаңа бітіріп, колхозда «қара жұмыс» істеп жүрген шағында (ол кезде екі жыл өндірісте жұмыс істемейінше институтқа қабылдамайтын) оқу бітіріп келген жас мамандарға зейнеткерлердің орын босатпай отырғанын комсомол жиналысында батыл сынап көзге түсуінен басталды бәрі. Көп ұзамай өзін ауылға комсомол жетекшісі етіп сайлады. Жастар мәселесімен енді шындап айналысып, ауылда бұрын болмаған радиоторабын ашты. Күнде кешкілік жергілікті радиодан комсомол мүшелерінің атқарып отырған игілікті істері айтылып, ортақ іске кедергі келтіруші маскүнемдер мен жатып ішер жалқаулардың, ұры-қарылардың да аттары аталды. Апта сайын комсомолдық қабырға газеті де дәл солай шығып тұрды, көркемөнерпаздар үйірмесі құрылып, тіпті, «халық театры» атағын алуға шақ қалған еді. Өзі жоғары оқу орнына түсіп, кейін оның сырттай бөліміне ауысып колхозда бухгалтер, тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарып жүрген болатын.
Түпкірдегі қазақ ауылының іскер де жас маманы осылай көзге түсіп, сол тұста жаңадан құрылып жатқан Красногор ауданына жоғары қызметтерге жіберіледі. Аудандық ауылшаруашылығы басқармасында аға агроном, жоспарлау комитетінің төрағасы болды. Әр кезде аупарткомның пленум және бюро мүшесі, аудандық советтің депутаты болып сайланып отырды. 1977 – 1986 жылдары «Қордай» қой совхозы партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды. Бір шаруашылықта он жылға тарта парторг болу аз мерзім емес, енді одан да жоғары деңгейдегі қызметке жолы ашылып-ақ тұрғандай еді, бірақ… Әбекеңнің үстінен жоғарыға арыз жазылып, арты үлкен дауға айналғаны бар. Өзінің адалдығына сенген Әбекең «Социалистік Қазақстаннан» араша сұрады. Көп ұзамай газеттің құқық тақырыбына маманданған білгір қызметкері Нури Муфтах келіп мәселені жан-жақты зерттеп, газетке «Жала мен жаза» (10. 08. 1986 ж.) деген үлкен мақала жариялады. Ол кездегі БАҚ-тың рөлі қандай, ал мына іске араласқан «Социалистік Қазақстанның» өзі болса ше?.. Газет Әбекеңді жаладан құтқарып алды. Осылай оның өмір жолынан тағдырдың қиғаш келген сындарлы шақтарында кісілік қалыбынан танбай, адалдығын дәлелдеп, асқақ абыройын қорғап өз биігінде қала білген азаматтығын да көреміз. «Мықты адам – биікке шыққан емес, биіктен құлап қайта көтерілген адам» деген сөз осы кісінің мысалынан айтылған ба дерсің.
Осы оқиғалар жанын жүдетсе де, жігері мұқалмаған Әбекең «ит өмірдің қапқанынан ырылы жаман» деп бәріне қолды бір сілтеді де, көрші республикадан бір-ақ шықты. Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің аға ревизоры болып бірер жыл сыртта жұмыс істеді. Тоқсаныншы жылдардың басында мызғымас одақтың іргесі бырт-бырт сөгіліп, артынша әр республика өз алдына тәуелсіздігін жариялап жатқан шақта Әбекең елге оралып, «Қордай шамшырағы» газетінде тілші, Қордай аудандық советі атқару комитетінде референт болды, ДОСААФ аудандық мекемесін басқарды. Ауданда жаңа әкімшілік басқару құрылымдары пайда болып, билік басына келген жаңа адамдар Ә.Сейілхановтың бұрынғы іскерлігін бағалап, оны алдымен «Өтеген» өндірістік кооперативіне басшы, одан соң Ауқатты ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарды.
Ол зейнет жасында да қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды. Аудандық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі болды, Қордай ауылдық ардагерлер кеңесін де басқарды. 2020 жылғы Масаншы оқиғасынан кейін құрылған аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы ретінде де ел бірлігін нығайту бағытында айтулы жұмыстар тындырды. Масаншы оқиғасы демекші, ол шындыққа тура қарап, әділдікті, ел мүддесін қорғауға келгенде алмас қылыштай жарқылдай білетін мінезін сол жолы да көрсеткен болатын. Шұғыл түрде Президент пәрменімен құрылып, қақтығыстың ақ-қарасын айыруға жіберілген үкіметтік комиссияның алдында қасқайып тұрып бұл оқиғаны нақты мысалдармен алға тартқан болатын. Екі апта өте Қаракемерге Президент Қ.Тоқаев келгенде де жүректегі сөздерін іркіп қалмады. Соның ізінше «колхоздар» аймағындағы ауылдардың аузы дуалы азаматтарын біріктіре құрылған жаңа қоғамдық келісім кеңесіне кім басшылық етеді дегенде бірауыздан Әбекеңнің аталуы тегін болмаса керек. Ол базбіреулер сияқты қарынның тойғанына, дүние-мүлік жиғанына мәз болып, жауырды жаба тоқып, жатса-тұрса биліктің ғана сөзін сөйлеушілер санатынан емес-ті. Олай етсе ендігі омырауында мемлекеттік ордендер самсап тұрар еді. Қайсыбір пысықайларша қисыны келсін-келмесін небір құрметті атақтардан да кенде болмас еді. Оның шындыққа тура қарап, әділдікті, ел мүддесін қорғауда ештеңеден тайсалмайтынына куә болғандар аз емес.
Төле Сүгірбай, Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы:
— Мен Әбдібекті жас кезінен жақсы білемін. Інім Марат екеуі бір сыныпта оқыды да, көбіне сабаққа бірге дайындалып, бірге жүретін. Ол бала кезінен белсенді болып танылды. Сосынғы бір қасиеті — бетің бар, жүзің бар демейтін турашылдығынан өмір бойы айныған жоқ. Мәселені орынды көтеріп, тиісінше талап та қоя біледі…
Анатолий Андреевич Шупта, Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы:
— Партия-совет жұмысында ұзағырақ болған адамдарға тән ортақ қасиет — кеңестік моральдік кодекске сай болу. Яғни, жұмыстан себепсіз кешікпеу, сыртқы келбетіңмен сыптай болып галстук тағып, таза киініп жүру ғана емес, ең бастысы – ішкі жан сарайың да кіршіксіз болуы, адалдық шарт еді. Әбдібек Сейілханұлы да сондай ерек қасиеттерге ие кеңестік партия жұмысында шыңдалған қызметкер болатын…
Анатолий Федорович Бражников, Қордай ауданының Құрметті азаматы:
— Мен Әбдібекті өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Красногор ауданының комсомол ұйымында жұмыс істеп жүрген кезімнен біліемін. Бір подьезден кіріп-шығып жүріп әбден бауыр басып кеткенбіз, іссапарларға да көбінше бірге шығатынбыз. Өзі бұған дейін туған ауылында комсомол жұмысында істегені бар, маған тәжірибесінен бөлісіп отырды. Комсомолдың бірінші хатшысы Жылқыбай Арпабеков басқа жұмысқа ауысты да, мен оның орнын бастым. Ал Әбдібек кеңшарға парторг болып кетті…
Әбекеңнің әдебиет пен өнерге жақын екенін жоғарыда айттық. «Досыңның кім екенін айтсаң, өзіңнің кім екеніңді айтамын» демекші, ол кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Бибігүл Төлегенова сынды үлкен тұлғалармен сыйластықта болды. Серік Тұрғынбеков, Құман Тастанбеков, Құдайберген Сұлтанбаев, Уайс Сұлтанғазин, Шәміл Әбілтаев, Нұрлан Оразалин, Орынбасар Жарықбасов, жерлесі Несіпбек Дәутайұлымен тіпті жақын достасып кетті. Кейбірі көзден кетсе де, көңілден көшпейтін осындай достары елге келсе құшағын кең жайып, төріне оздыратын ізгі дәстүрін жақын жүргендер біледі. Ал, өмірдің мәні, сыйластық жайлы ұлағатын құлағына құйып, көкейіне түйіп өскен өзінің арқасүйер ағаларын айтқанда — ең үлкені сұрапыл соғыстың өрт-жалынынан өтіп келген Ақылша еді. Одан кейінгі Әбікен болса әкеден қалған құтты шаңырақты ұстаған, жасы бүгінде сексенді орталаған ел ағасы. Осы Әбікен ағасы мен Рыскүл жеңгесінің бұлардың өсіп-өніп, адам қатарына қосылуына қосқан еңбегі зор болды. Өзімен тетелес ағасы Әбдісадықтың және журналистік жолын «Лениншіл жастан» бастап, бүгінде үлкен жазушыға айналған баспагер інісі Әшірбек Көпіштің орындары өзгеше. Немере бауыры ҚР Еңбек сіңірген артисі, белгілі актер-тележурналист Асқарбек Сейілхан да бір әулеттің ғана емес, аудан, облыстың мақтанышы.
Әбдібек ағаның сексен жылдық өмір жолын үстірт шолып шыққанның өзінде, оның алпыс жылында қол ұстасып, бір жастықта бастары түйіскен мақпал мінезді зайыбы Роза Жәділқызын айтпай кету мүмкін емес. Бүгінде ол да 75 жасты еңсеріп отыр. Әбекең институтты жаңа бітіріп, Чапаев атындағы колхоздың комсомол ұйымының хатшысы болып жүргенде үйленді олар. Тойға аудандық комсомол комитеті бірінші хатшысының өзі келіп, жаңаша өткен жастар тойының құрметіне Қаракемердегі олар тұратын көше «Комсомол көшесі» атанған еді. Екеуі ұл да өсірді, қыз да өсірді. Сол Қуатбек, Бейбіт, Айнұрдың әрқайсысы әр қиырда түрлі қызметтерде жүр қазір. Енді немерелері атқа қонып жатыр. Айман мен Айдана — жоғары оқу орындарында оқытушы, Әнуар — қазақ-түрік қаржы холдингінде жұмыс істесе, Шыңғыс – мұғалім, Олжас – Прагада оқып, білім алуда. Он шақты шөберелерінің де болашағынан күтері көп.
Мен білетін Әбекең үлкенді құрметтеп, ініге ізет жасаудан әсте жаңылған емес. Өмірде көргені де, көкейге түйгені де көп онымен аз-кем тілдесе қалғанның өзінде, тарихта белгілі билерден тартып, сөз ұстаған қазақ ақсақалдарының жөн-жобасынан мол хабардар, ой мен сөздің кеніші екенін байқарыңыз һақ. Сосын баяғы «турасын айтып туғанына жақпайтын» тік мінезімен қоғамдағы кертартпалықтар туралы ойларын да бүгіп қалмайды. Оны мазалайтын мемлекеттік тілді шұбарлап жүргендер, ұлттық салт-дәстүріміздің мазмұны сұйылып бара жатқаны, қазақ тойларындағы кейбір сайқымазақтар… Бүгінде кітап оқымайтын, телефонға телмірген балалардың ертең қандай азамат болып шығатыны да толғандырмай қоймайды. «Ел тарихын бір кісідей-ақ білесіз ғой» деп биліктегілердің тапсыруымен аудан тарихы туралы кітап дайындауға нешеме жыл көз майын тауысып жасаған еңбегі ше…
Дегенмен, балағына жабысып, жүрісінен жаңылдырмақ болғандардың талайын шаң қаптырып үлкен абыроймен бүгінгі күнге жетіп отыр. Сексен жылдық ғұмырын саралай сипаттаған «Өмір асау бір ағын» деген атпен ғұмыбаяндық кітабы баспадан шығар алдында. Осылай, ел мүддесін бәрінен биік қоятын ұстанымы бүкіл өміріне өзек болып келеді. «Еліңде кімің бар?» дегенде ойға оралар алғашқылар қатарында есімі аталуға лайықты абырой биігіндегі шындықтың шырақшысына айналған азаматымыз ол.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қазақстанның Құрметті журналисі.