СІЗ БЕН БІЗ ҮШІН ЖАСАЛҒАН МҮМКІНДІК

0

Қазақ жері – елімізді мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің алтын бесігі. Қаймағы бұзылмаған көркем тіліміз, бай тарихымыз және ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан салт-дәстүріміз, табиғатымыз – осының бәрі қазақ жерін мекендейтін 130-дан астам ұлт өкілдерін біріктіріп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырады. Қазақ, орыс, дүнген, қырғыз, неміс, әзірбайжан, башқұрт, татар бәріміз бірлікте өмір сүріп, этносаралық тұтастықты сақтауға тырысамыз, себебі Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Ал қазақ тілі –тәуелсіздігіміздің қуатын айқындайтын құрал, халықаралық қарым-қатынасты нығайтатын ұлы күш. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – заман талабы, қоғам қажеттілігі десек қателеспейміз. Тілді өмірдің барлық саласында қолданыс аясын кеңейту жолында әрбір  қазақстандық өз үлесін қосқанда ғана нәтиже болатыны ақиқат.

Тіл мәселесі – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалғаныма 1 жыл уақыт өтіпті. Жаңа қызметке тағайындалған сәттен бастап өзіме қойған алғашқы сұрақтарым да: «Қалай тілімізді дамыта аламыз? Қолданыс аясын қалай кеңітеміз?» болды. Тілдің мәселесін көтере қалсаң, құдды бір тұтас тарихыңды арқалап, тамырыңды қопарғандай сезімде боласың.

Тіл мен тарихты тереңдей қазсаң теңіздің тасқыны жатыр. Сондықтан алғашқы күндерден-ақ Тілдерді оқыту орталығының жұмысымен танысып, этнос өкілдері көп шоғырланған ауылдық округтерді аралап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы жұмыстарды бастадым. Жұмыс бойынша ұйымдастырылған іскерлік кездесулерден бөлек, жай күндері барған жерімде мемлекеттік тілдің басты ұлттық құндылығымыз екенін насихаттап жүруді әдетке айналдырдым. Жолымда кезіккен үлкенді де, кішіні де мемлекеттік тілді тегін оқыту курстарының бар екендігімен хабардар етіп отырдым. Бүгін де мемлекеттік тілді үйренеміз деген құлшыныспен келген этнос өкілдерін көргенде көзің қуанады, көңілің сүйсінеді. Демек, атқарылған жұмыс зая кетіп жатқан жоқ.

Қазіргі таңда Республикамыздың өңір-өңірлерінде тілдерді дамыту басқармалары, тілдерді оқыту орталықтарында кез келген 18 жасқа толған азаматқа мемлекеттік тілді тегін үйренуге мүмкіндік жасалған. Бұл да мемлекет тарапынан тіл саясатын қолдауының бір көрінісі деп білеміз. Атап айтсақ, Жамбыл облысы  Қордай ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 5 қазандағы №441 қаулысына сай Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, 2020 жылдың желтоқсан айының екісінен бастап өз жұмысын жүргізуде.

Тілдерді оқыту орталығында азаматтардың жарық, әрі жылы оқыту кабинеттерінде тілді тегін үйренулеріне жағдай жасалған. Сонымен қатар тіл үйренушілердің сұранысына, ыңғайына қарай сабақ кестелері бекітіліп, орталықтан тыс арнайы мекемелерге барып оқыту да қарастырылған. Кез келген курсқа қатысушының тілді үйренумен қатар, өмірде қолдана алу мақсатында аудандық дәрежеден бастап, облыстық, республикалық көлемдегі байқауларға қатысуға мүмкіндіктері бар.

Маған қойылған талаптардың бірі – мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту. Осы тұста 2023 жылдары екі тілді (қазақ, ағылшын) оқыту бойынша 1183 тіл үйренуші оқу курсынан өтті. Оның ішінде қазақ тілі — 1008, ағылшын тілі – 175 тегін оқу курстарына қамтылды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында этнос өкілдері арасында түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. Жыл соңында сағаттап созылған жұмысымыз мәреге жеткенде өзінің оң нәтижесін берді.  Дегенмен, біз үшін бұл көрсеткіштер Тіл саясатындағы шыңның табалдырығы ғана.

Биылғы жылы да бекітілген жоспарды ойдағыдай орындап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды жұмыла атқарамыз деген сенімдемін.

Отан – ортақ. Тілегіміз, жүрегіміз, тіліміз – бір. Бұл тіл саласындағы сіз бен біз үшін жасалған мүмкіндік.

Салтанат Балпукова, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.