СКРИНИНГТІК ТЕКСЕРУЛЕРДІҢ НӘТИЖЕЛЕРІ

0

Қазақстанда 2024 жылы ауқымды скринингтік бағдарламалар аясында 3,2 миллионнан астам азамат тексерістен өтті. Нәтижесінде 120 мыңнан астам ауру ерте сатысында анықталып, қазіргі ерте диагностикалау жүйесін жақсарту шараларының тиімділігін дәлелдеді.

Скрининг нәтижелері бойынша анықталған аурулар:

  • 118 497 жағдай – артериялық гипертензия (егер уақытында анықталмаса және бақылауға алынбаса, инсульт пен инфарктқа әкелуі мүмкін);
  • 24 901 жағдай – қант диабеті (елімізде өзекті мәселеге айналған аурулардың бірі);
  • 6 265 жағдай – глаукома (егер емделмесе, соқырлыққа алып келуі мүмкін).

СКРИНИНГ ЖҮЙЕСІНДЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БАР?

Ескірген әрі ақпараттылығы төмен зертханалық және аспаптық әдістер заманауи, дәлдігі дәлелденген тиімді тәсілдерге ауыстырылды:

  • Қант диабетін диагностикалау үшін гликирленген гемоглобин (HbA1c) тесті (бұрын қандағы глюкоза деңгейі анықталатын);
  • Бүйрек ауруларын ерте анықтау үшін шумақтық сүзілу жылдамдығы;
  • Жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупін бағалау үшін төмен тығыздықтағы липопротеидтерді анықтау;
  • Жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін сұйықтық негізіндегі ПАП-тест енгізілді.

Бұл жаңашылдықтар асқынулардың, мүгедектікке және өлімге әкелетін жағдайлардың алдын алуға көмектеседі, сондай-ақ скринингтің қолжетімділігін арттырып, мақсатты топтарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап 50-70 жас аралығындағы ер адамдарға екі жылда бір рет ми қан айналымы бұзылыстарының даму қаупін ерте анықтау үшін скрининг енгізіледі. Бұл өзгеріс инсульт және басқа да ми қан айналымы ауруларының қаупін ерте анықтап, тиімді ем алуға мүмкіндік береді.

ҚАЗІРГІ ТАҢДА ҚАЛАЙ ӨТУГЕ БОЛАДЫ?

Қазақстанда келесі сегіз ауруды ерте анықтауға арналған скринингтік тексерулер жүргізіледі:

  • Артериялық гипертензия (екі жылда бір рет);
  • Жүректің ишемиялық ауруы (екі жылда бір рет);
  • Қант диабеті (екі жылда бір рет);
  • Глаукома (екі жылда бір рет);
  • Жатыр мойны обыры (төрт жылда бір рет);
  • Сүт безі обыры (екі жылда бір рет);
  • Тік және тоқ ішек обыры (екі жылда бір рет);
  • Вирустық гепатиттер (үш-алты айда бір рет).

2024 жылы Жамбыл облысында 88 мыңнан астам адам жүрек-қантамыр ауруларын анықтау бойынша скринингтен өтті, оның ішінде 7,4 мың адамда тиісті диагноздар анықталып, диспансерлік есепке алынды.

Қант диабетін ерте анықтау мақсатында 88 мыңнан астам тұрғын тексеріліп, 1 мыңнан астам адамда бұл ауру тіркелді.

Глаукоманы анықтау бойынша скринингтен 88 мыңнан астам адам өтіп, 173 адамда бұл ауру анықталды. Барлық науқастар медициналық бақылауға алынды.

Дәрігерлер барлық азаматтарды денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тегін скринингтерден уақытылы өтуге шақырады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.