Соғандыда соққан жел

0

Өткен аптада соққан дауылды жел мен қатты аяздың салдарынан зардап шеккен елді мекеннің бірі – Соғанды ауылы. Бұл ауыл жұртын боран және қалың қармен таңғалдыра алмайсын, себебі жылдағы үйреншікті жағдай. Алайда, өткен аптадағы боранға көпті көрген қариялардың өзі таңданысын жасырмады.

Сол күндері қатты соққан үскірік жел жол бетін, ауыл ішін күртік қарға үйіп тастаған. Үйгені соншама кейбір үйлердің мұржасы ғана көрініп тұр. Табиғаттың тосын мінезінен ел есін енді жиып, есіктің алды, қораның маңындағы қарды күреуге, көшеге шығар жалғыз аяқ жол салуға бар күшін салуда. Соғандылықтарға ауыр техника мен адам күші қажет болды. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың тапсырмасына сәйкес, әр ауылдық округтен арнайы жасақтар құрылып, техника тартылып, қар тазалау жұмыстары басталып кетті. Бетқайнар ауылдық округінің әкімі Бақытжан Құттықов барлық жұмысты ұйымдастырып жүр.

Сейсенбі күні аудан басшысы Бегзат Болатбеков Соғандыға барып, жұмыс барысымен танысып, қар басқан үй иелерімен тілдесіп қайтты. Ауылдық округ әкімі Бақытжан Құттықовтың сөзінше қардан 17 үй зардап шегіп, оның 15-сін түгелдей дерлік қар басып қалған. Сонымен қатар, ауылішілік жолдарды да қалың қар басып, ауылдық мектеп балаларды онлайн режиммен оқытуға көшкен.

— Менің жасым 70-ке келді. Осындай жағдай болғаны есімде жоқ. Елдердің айтуынша, соңғы рет 68-69 жылдары осылай қар басқан. Үйден шыға алмай қалдық, қорамыздағы мал үсіп қалды. Бізге келіп, көмектесіп жүрген жігіттерге, аудан әкіміне және ауылдық округ әкіміне алғысымызды айтамыз, — дейді ауыл тұрғыны Тоқтыбек Әміреев.

— Қар басқан үйлерді көрдім. Біраз мал шығыны болды. Зардап шеккен әр отбасыға көмек көрсетеміз. Қазір бірінші кезекте үйлерді қардан босату және көшелерді тазалау жұмыстарын тезірек аяқтау керек. Кейін мамандар акт толтырып, барлық шығындарды санайды. Ешкімді назардан тыс қалдырмаймыз, — деді аудан әкімі.

Бегзат Болатбеков табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.