Аудандық басылым бетінде жиі жарық көретін «ауыл тынысы» айдарының қамымен жүріп күні кеше жолымыз Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылына түсті. Округ орталығынан отыз шақырымға жуық жерде орналасқан елді мекенде бұрындары күрмеуі қиын мәселелер қатары көп болса, бүгінде бұлар шешімін тауып, ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы жақсарып келеді.
Төрт жүзге тарта тұрғыны бар Соғанды ауылы «Қордай-Жайсаң» табиғат қорғау аумағында орналасқан. Бұл маңайдың тау десеңіз тауы, су десеңіз суы, аң мен құсы тағы бар. Ауылдың аудан орталығынан алшақ жатқаны болмаса соғандылықтар күллі елде қолға алынған игі істердің шапағатынан кенде емес. Осы күні елді мекеннің жағдайымен таныспақ ниетте біз округ әкімі Талғат Үрістемовпен кездесіп, әділдік үшін әңгімені көздеген ауылдан емес, ауылға апарар тас жол мен әлеуметтік нысандардан бастағанды жөн көрдік.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрынғы ауыл әкімінің есепті кездесулерінде соғандылық ағайын ескі медпункттің, тозығы жеткен мектептің, жел соқса жұрттың мазасын кетірген электр сымдары мен қисайған бағаналардың, ой-шұқырға толы жолдар мен телефон байланысының жайын алға тартып, шағымын айтатын еді. Ал, бүгінде жағдай оңалған. Мемлекет басшысының ауыл халқының әл-ауқатын арттыру мақсатындағы тың бастамаларының арқасында жергілікті тұрғындардың көтеретін көкейкесті мәселелерінің қатары сейіліп, аудан басшылығы мен ауыл әкімдігінің тізе қосып атқарған жүйелі жұмысының нәтижесінде оң өзгерістер орын алған. Атап айтсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда он бес келушіге арналған заманауи медпункт ғимараты қолданысқа берілсе, 2018 жылы тозығы жеткен мектеп мәселесі шешіліп, су жаңа 50 орындық білім ордасы бой көтерді. Мұнымен қатар, ауыл әкімінің ұйытқы болуымен ауылға келетін ескі бағаналар мен сапасы сын көтермейтін электр сымдары ауыстырылып, соғандылықтарды толғандырған тағы бір мәселе түбегейлі шешімін тауып, жақында үш шақырымды құрайтын ауылішілік көшелерге түгелдей асфальт төселді. Ең бастысы – Бетқайнар мен Соғандыны жалғайтын 28 шақырымдық тас жолдың 25 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде (өткен жылы 3 шақырым жол асфальтталған). Бұл жұмысты «Арсико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алыпты. Бүгінде жұмыс бел ортасынан асып, мердігер компания өкілдері оны жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
«Мінеки, мемлекеттің біз сияқты алыстағы ауыл тұрғындарына көрсетіп отырған қамқорлығының айқын көрінісі біздің ауылда орын алып отыр. Соғандының өмір тарихында алғаш рет қос қабатты мектеп салынды. Ол аз десеңіз «басы ауырып, балтыры сыздаған» ағайынға ем-дом жасайтын медпунктіміз де қаладағы ауруханалардан кем емес. Енді міне, электр жарығының мәселесі шешіліп, жолдарымыз жасалды. Жақын арада телефон байланысы ретке келтіріліп, ауылға газ келеді. Кеше ғана жаңа мешіттің орны белгіленіп, демеушілердің көмегімен құрылыс материалдары түсірілді. Бұл тірліктің барлығын мемлекет басшылығы тарапынан елге, ауыл халқына жасалған қамқорлық деп білеміз», — деп қуана ағынан ақтарылған ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жұмабай Байханов игі істің басы-қасында жүрген атқамінер азаматтарға алғысын жаудырды.
Ауылдық округ әкімі Талғат Үрістемовтің айтуынша, жақында «Билайн» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, тұрғындардың бас ауруына айналған байланыс мәселесі бір-екі айда шешімін таппақ. Бұл үшін байланыс операторының құрылғылары мен антенналарын орнататын орын белгіленіп, тиісті құжаттар әзірленуде. Бұл соғандылықтардың алыстағы ағайын-туыс, қаладағы бала-шағамен байланысы жеңілдеп, ауыл балақайлары ғаламторға еркін кіре алады деген сөз.
Осы ретте айта кетерлік тағы бір маңызды мәселе – ауылдың газдандырылуы. Бұл жаңалықты естіген тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бүгінде Соғанды ауылы енетін «Отар» аймағына магистральды газ құбырын тарту жұмыстары қарқын алып, ауылішілік желілерді салу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселесі қолған алынған. Мамандар бүгіннің өзінде халықтың тең жартысына жуығымен келісімшарт жасап үлгеріпті. Ал, газға қосылудың құнына монтаждау жұмыстары мен құжаттарды дайындау жұмыстары кірмек (жобасы, эскизі, сызбасы, топографиялық түсірілімі, техникалық шарттары). Айта кетсек, бұл жолы Соғанды ауылымен қатар ауданымыздың тағы 11 елді мекені, яғни Алға, Көгадыр, Мұзбел, Кенен, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр, Көктөбе, Отар, Гвардейский, Аңырақай және Бел ауылдары газдандырылмақ. Ал, мұнда тартылатын магистральды газ құбырының ұзындығы 175 шақырымды құрайды.
«Ауылға 1957 жылы келін болып түскелі алпыс жылдан астам уақыт өтіпті. Өміріміз жаман болған жоқ. Бірақ та соңғы жылдары ауылда бұрын соңды болмаған жаңалықтар орын алды. Мектеп пен медицина мекемесі бой көтеріп, жолымыз, жарығымыз жөнделді. Есігіміздің алдына дейін асфальт төселді. Ауыл балалары көшеге шығып ойнап, бір жырғап қалды. Енді желтоқсан айының соңына дейін тонна-тонна көмір жағуды доғарып, газ жағасыңдар, ауылға газ келеді дейді. Бұл үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін дүние еді. Президентіміздің арқасында бұл күнге де жеттік. Әрине, іштей қуанып, тәубә дейміз. Ең бастысы жұртымыз аман, еліміз тыныш болсын», — дейді алғысын жасырмаған ауыл тұрғыны Айнакүл Райымқұлова.
Әлібек ОСПАНОВ