Газет редакциясына жолданған бұл архивтік суретте Қордай ауданынан шыққан Ұлы Отан соғысының АРДАГЕРЛЕРІ мен ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ бейнеленген. Бір кездегі Талапты совхозы, қазіргі Әлжан ана ауылы. Түскен күні мен жылы белгісіз. Мүмкін осы суреттен жақындарын көрген, таныған жандар біле жатар. Бұл майдангерлердің бейнесі – ерліктің, табандылықтың және елге деген өлшеусіз сүйіспеншіліктің айғағы.
Бұл – 1941–1945 жылдары майдан шебінде қан кешіп, Жеңіс туын желбіретуге үлес қосқан жауынгерлердің, сонымен қатар тылда тынымсыз еңбек еткен жандардың бір сәттік естелігі. Кеуделерін орден-медальдар көмкерген бұл тұлғалар елдің бейбіт болашағы үшін маңдай терін төгіп, бүгінгі ұрпаққа баянды өмір сыйлаған.
Арасында Берлинге дейін жеткен жауынгер де, ауыр соғыс жылдары мал бағып, егін салып, майданға азық жеткізген еңбек майталмандары да бар. Олар Жеңістен кейін де қарап қалмай, ауданның ауыл шаруашылығын көтеріп, мектеп пен аурухана салуға атсалысып, өмір бойы туған жердің өркендеуі жолында еңбек етті.
Бүгінде Қордай жеріндегі мектептер мен көшелерге олардың есімдері беріліп, ұрпағы ардагер атасының ерлігін мақтанышпен айтып келеді. Бұл сурет – тек бір сәттің емес, тұтас дәуірдің тағылымы мен тарихының бейнесі.