СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРДАҒЫ ДАМУ ЖОЛЫ

0

40-шы жылдардың екінші жартысы мен 50-жылдардың басы КСРО азаматтарының басым көпшілігі үшін аса ауыр кезең болды.

1947 жылғы желтоқсанда карточка жүйесі және еңбекшілерді азық-түлік және өнеркәсіп өнімдерімен өлшеулі қамтамасыз ету жойылды. Сол жылы ақша реформасы жүзеге асырылды. Негізгі өнімдердің, нан және наннан жасалған өнімдердің, еттің, өнеркәсіп өнімінің бағасы арзандады. Сомның сатып алу құнының көтерілуімен қатар еңбекшілердің жалақысы да өсті.

Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектеріне, соғыста қаза болғандардың отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Жасы ұлғайғандарға, асыраушысының қаза болуына байланысты және уақытша еңбекке жарамай қалғандарға зейнетақы тағайындалды. Көп балалы және жалғыз басты аналар жәрдем алып тұрды. Шипажайлар мен демалыс үйлеріне, балалар лагерьлеріне жеңілдіктермен жолдамалар берілді. Осы жылдары кезектен тыс жұмыс істеуге тыйым салынды, ақылы демалыс алу қалпына келтірілді.

Соғыстан кейінгі уақытта мәдениет, еліміздің рухани жағдайы қатал сталиндік идеологияның қыспағында болды. Тоталитарлық режим бұл саланы өз дегенімен басқарып отырды.

Ағарту саласында соғыстан кейін қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында кездескен басты кедергілердің бірі – қажетті мамандардың жетіспеуі болды. 1950 жылы республикада міндетті орта білім алу жүйесі енгізілді.

Жоғарғы коммунистік органдардың нұсқауымен халықтар арасында жаңа бағытта саясат жүргізу үшін аудандық партия комитеттерінің идеологиялық бөлімдері ашылды.

Қордай ауданының жұртшылығы да бүкіл елімізде болып жатқан өзгерістер аясында соғыстан кейінгі жылдары қайта құруларға ұшырады.

1950-1960 жылдары Қордай ауданының еңбеккерлерін идеологиялық жағынан тәрбиелеуде ауданның партия ұйымдарының жаппай насихаттау саясаты маңызды рөл атқарды. Халық арасында сөз болып, насихатталатын негізгі тақырыптар бесжылдық жоспарларды орындау, «Салқын соғыс» (холодная война) жағдайындағы халықаралық жағдайды талдау, Орталық Партия Комитеті Пленумдарының шешімдерін насихаттау, Н.С.Хрущевтің Америка Құрама Штаттарына барып-келу сапарының маңызы мен қорытындыларын түсіндіру сияқты болды. Осы бағыттарда ауданда сандаған лекциялар оқылып, әңгімелер жүргізілді. Ауыл-ауылдағы кітапханалар мен «қызыл» үйлерде осы тақырыптарды бейнелейтін фотостенділер, көрнекі құралдар жасалып, ілінді.

1954 жылы «тың көтеруге» байланысты Қордай ауданына Украинадан т.б. жақтардан келгендер көп болды, олардың арасында діни ағымды ұстанғандар да бар еді. Осыған байланысты ауданда партиялық ұйымдар арқылы атеистік жұмыстар күшейтілді. Олар жаңа пайда болған діни ұйымдармен қоса, жергілікті халықтардың діни көзқарастарына тыйым салып отырды. Оның салдарынан кейбір ауылдардағы кішігірім мешіттер жабылып, жергілікті халықтардың сенімі мен нанымы коммунистік идеологияға бағытталды. Тиісінше ауданның елді мекендеріндегі мәдени ошақтарының жұмыстарына көңіл бөлінді. Мәселен, 1927 жылы ауданда 9 клуб пен 1 шағын ағарту үйшігі болса, 1969 жылы 19 толыққанды клуб, 1 аудандық,  колхоз-совхоз орталықтарында 10 мәдениет үйі, 2 «қызыл» үй, 13 автоклуб, 3 үгіт машинасы, барлығы 46 кітапхана, оның ішінде орталықта аудандық және балалар кітапханасы, 33 селолық, 7 кәсіподақтық, 3 колхоз және «қызыл» үй кітапханасы болды. Аудандағы кітап қоры 253 мыңға жетті.

Барлық елді мекендерде үгіт-насихат топтары ұйымдастырылып, олардың қатарына белсенді коммунистер мен комсомол мүшелері кеңінен тартылды. Ірі партия ұйымдарында атеистік лекторийлер құрылып, табиғи-ғылыми және атеистік үгіттеу кештері, ғылыми атеизм мәселелері бойынша түрлі кеңестер, дінге сенетіндермен жеке әңгімелер өткізіліп тұрды.

Аудандағы әлеуметтік жағдайдың дұрысталуына, қай саланың болсада тоқтаусыз өсуіне білікті де білімді мамандар қажет болды. Сондықтан білім берудің қайнар көзі саналатын мектептер жұмысын күшейту түсінікті еді. Осы мақсатты шешу үшін 1947 жылдың қараша айында республикалық Орталық Комитеті «Қазақстанда жоғарғы және орта білімнің әрі қарай дамуы туралы» қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес республика бойынша мектептер мен басқа оқу орындарын құруға қосымша қаржы бөліне бастады.

Халыққа білім беру кезең-кезеңге бөлінді.

1958 жылы «Мектептің өмірмен байланысын күшейту туралы» жаңа Заң қабылданды. Соған сәйкес жетіжылдық және онжылдық білімнің орнына міндетті сегізжылдық білім беру, оны бітіргендер үш жыл өндірісте немесе ауылшаруашылығында міндетті түрде жұмыс істеуі керек еді. Көптеген жерлерде жұмысты оқумен бірге алып жүру немесе өндірістік оқуы бар орта политехникалық мектептерде оқу орын алды.

1958 жылы ставропольдықтардың бастамасымен ауданның орта мектептерінде қант қызылшасы мен жүгері өсіруден оқу-өндірістік кешенді бригадалары құрылды. Мұндай кешенді бригадалар Георгиевкадағы Ленин атындағы, Карл Маркс атындағы мектептерінде құрылып, оларға «Путь Ленина» колхозының қызылша егілген плантациялық алқаптарынан 10-15 гектардан жер бөлінді. Сондай-ақ, Трудовик т.б. орта мектептерде де осындай оқушылар бригадасы құрылды. Тіптен, суармалы жері жоқ кейбір ауыл мектептерінде оқитындар мал фермаларына барып, бұзау сияқты төлдерді күтімге алып, ересектерге көмектесу мәселелері де қарастырылды. Сөйтіп, аудан мектептерінде оқуды өндірістік еңбекпен ұштастыру және байланыстырудың алғашқы қадамдары жасалды.

Аудан бойынша мектеп ғимараттарының жаңа жобалары бекітіліп, олар көптеп салына бастады. Олардың ішінде шеберхана, акт залы, спорт зал, буфет, сыныптардың өздері мәні мен мағынасына қарай жабдықталған және зертханалар қарастырылды. Осындай мектептер Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Кишмиши, Михайловка, Қызылсай, Красногор, Красный Октябрь, Қасық сияқты елді мекендерде бой көтерді. Мұндай мектептердің салынуы аудандағы елді мекендердің балалар санының өсуімен тығыз байланысты болды.

Мектеп жасындағы балаларды оқытудан өзге, халыққа жалпы жетіжылдық, сегізжылдық және онжылдық білім беру мақсатында ауданда жүздеген колхозшылар мен жұмысшылар мектептер жанынан ашылған кешкі мектептерде білім алды.

1955-1969 жылдар аралығында аудан мектептеріне арнайы оқу орнын бітіргендер мен жоғары білімді  мұғалімдер көптеп келе бастады.

1950 жылы аудан мектептерінде қызмет істеген 368 мұғалімнің 24 жоғары білімді болса, 1960 жылы 733 мұғалімнің 212 жоғары білімді еді.

1965 жылы 797 мұғалімнің 413 – жоғары білімді болды. Ал, 1969 жылы аудандағы 1209 мұғалімнің 507-сі жоғары білімді мамандар еді.

Мұғалімдер санының артуын аудандағы мектептер санының өсуімен байланыстыру заңдылық. Егер, 1950 жылы ауданда 36 мектеп (оның ішінде 7 орта мектеп, мұның бесеуі күндізгі, екеуі кешкі) болса, 1960 жылы орта мектеп саны 17-ге, 1965 жылы 22-ге, ал 1969 жылы 26-ға жетті.

Тиісінше оқушылар саны да арта түскені рас. 1950 жылы аудан бойынша 7333 оқушы мектепке тартылса, 1960 жылы – 12703, ал 1965 жылы 14464, 1969 жылы бұл сан 20680-ге жетті.

Ауданда 1961 жылдан бастап Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық мектеп ашылып, онда 320-дан астам музыкаға бейім оқушылар оқыды.

1967 жылы спортқа бейім оқушылар үшін балалар спорт мектебі ашылды.  Аудан бойынша (1969 – жылға) 8 интернат жұмыс істеп, онда 560 оқушы жатып оқыды.

Ауданда мектеп құрылысы қарқынды өсіп отырды. 1968 жылы Масанчи ауылында төрт қабатты орта мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, бұдан екі жыл бұрын аудан орталығында Ломоносов атындағы орта мектептің жаңа ғимараты, «Искра Ленина» колхозының қаржысына Черная речка селосында типтік мектеп құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Сарыбұлақ, Алмалы совхоздарында, «Путь Ленина» колхозының Шарбақты учаскесінде мектептер тұрғызылса, «Трудовик» колхозының орталығында және Красногор ауылында болашақ мектептердің іргетасы қаланды. Олар араға бір-екі жыл салып, бәрі толығымен пайдалануға берілді.

Аудан мектептерінде ұзақ жылдар бойы сапалы ұстаздық еткен көптеген мұғалімдер еңбегін мемлекет өз тарапынан бағалай білді. Мәселен, аудандық оқу бөлімінің инспекторы болған С.А.Бондаренко, Ленин атындағы орта мектептің директоры болған О.А.Волкова, Талапты орта мектебінің мұғалімі Ермекбай Еспаев Ленин орденімен наградталса, мұғалім Халилулла Бұтабаев  «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Трудовик орта мектебінің директоры Петр Сергеевич Сидоров  «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Талапты орта мектебінің мұғалімі Жәміш Абданбаева «КСРО Халыққа білім берудің үздігі» атағына лайықты болды.

Аудан мектептерінде білімдерімен, парасаттылықтарымен, мәдениеттіліктерімен өзгелерден оқ бойы озған, соғысқа қатысып келіп, ұстаздық жолды таңдап, бұл салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, абыройға ие болған шоқ жұлдыздай топтасқан, еңбектері үшін мемлекеттен түрлі орден-медальдар алып, аудан жұртшылығының құрметіне бөленген Орынбай Төстікбаев, Жәділ Төкенов, Шұлғаубай Молдажанов, Дәмеш Бейсенова, Нұрақ Тілеубаев, Нұрқасым Сырлыбаев, Жұматай Айтжанов сынды көптеген ұстаздар жылдар бойы сапалы білім беріп, жүздеген шәкірттердің өмірден дұрыс жол табуына ықпал етті.

1963 жылы жоғарыда айтылған 8 интернаттан өзге, аудандағы Алтынсарин атындағы орта мектеп алыстағы малшылар балаларын өз қамқорлығына алып, мектеп-интернат ашылып, 280 оқушыға қамқорлық жасалды.

Ауданда 1969 жылдың оқу жылында 2385 оқушы 17 мектепте ұзартылған күн тобында тәрбиеленді.

Білім беру аясын кеңейтудің бір факторы жас балаларды мектепалды тәрбиелеу болды. Бұл бағытта Қордай ауданында, әсіресе, соғыстан кейін күрделі істер жасалды.

Ауданда бұл жұмыс 1930 жылдары бастау алып, Успеновка селосында колхоздық балалар бақшасы ұйымдастырылған. Тар екі бөлмелі бақшаға сол кездің өзінде жаз кезінде – 200-ге тарта балалар қабылданды. 1937 жылы Георгиевкада 50 орындық балабақша жұмыс істей бастады.

1969 жылы Георгиевкада жеті балабақша жұмыс істеп, 800-ден астам балалар қабылданған болса, ауданның Отар, Ырғайты, Степное, Красногор, Қарақоңыз, Лубзовод т.б. елді мекендердің бәрінде балалар бақшалары жұмыс істеп тұрды. Алғашында балалар бақшаларында жұмсақ төсек-орын, ыдыс-аяқ т.б. көптеген заттар қат болып, қиындықтар туындаса, 1969 жылдары олар мүлде басқаша реңк алды.

«Көкқайнар», «Талапты», «Қордай» қой совхозы, «Роза Люксембург», Қордай поселкесі т.б. жерлерде жаңа типтегі тамаша балалар бақшасының үйлері бой көтерді. Оларда көптеген  білімді, білікті адамдар қызмет атқарды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.