СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУДЫҢ СЕБЕЗГІ ҮНІ

0

Мамырдың майда самал желімен бірге мектеп ауласында соғылған соңғы қоңырау үні – әр түлектің жүрегіндегі бал дәуренмен қоштасудың қимас сәті десек артық айтқандық емес. Қордай ауданының әр ауылындағы білім ордаларында өткен бұл күн – оқушы үшін балалықтың, ұстаз үшін шәкіртпен қоштасудың, ал ата-ана үшін толқыған тебіреністің күніне айналды. Осы орайда назарларыңызға ауданымыздың шалғайында орын тепкен білім ошақтарында өткен соңғы қоңыраудан себезгі фотоларды ұсынамыз.

Биылғы «Соңғы қоңырау» салтанаты ауданымыздың әр ауылында ерекше дайындықпен өтті. Мектеп аулалары гүл мен шарға толып, мектеп формасына сәнмен тігілген ақ ленталар, маңдайдан төгілген жас пен қуаныш – бәрі де өмірдің ұмытылмас сәтін бейнелегендей.

Әдеттегідей мектеп түлектері дәстүрлі вальс биімен сахна төріне шығып, ұстаздарға алғыс арнады. Салтанатты шерулер ұйымдастырылып, мектеп түлектеріне арналған арнайы көріністер қойылды. Бозбала мен бойжеткеннің алғаш үлкен өмірге аяқ басар сәті – әр ата-ана мен ұстаздың жанарына жас ұялатты.

Әр мектепте күмбірлеп сыңғырлаған соңғы қоңырау үні – тек оқу жылының аяқталғанын емес, балалықпен қоштасқан бір әдемі кезеңнің жабылғанын білдіргендей. Алда оларды жаңа жол, жаңа бастамалар мен үлкен сынақтар күтіп тұр.

Бұл – тек фотосуреттер емес, бұл – жүрек төрінде сақталатын балалықтың ең соңғы естелігі.

Еске сала кетсек, биыл ауданымыз бойынша 2024-2025 оқу жылының аяқталуына орай 1604 оқушы 11-сыныпты тәмамдап отыр. Оның ішінде «Алтын белгіге» – 41 түлек, «Үздік аттестатқа үміткер» – 45 түлек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.