Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың тұрғындармен келесі кездесуі ең ірі округтердің бірі саналатын Сортөбе ауылдық округінде өтіп, онда ауылға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мемлекеттік саясаттың бас-ты бағыттарының бірі саналады. Бұл үшін ауылды жерлерде тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне барлық жағдайлар жасалған жөн. Ауыл тұрғындарымен өткен кездесу барысында әңгіме осы тақырып аясында өрбіп, ең әуелі Сортөбе ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушысы Мадый Гаровтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, былтырғы жылы округте ауқымды жұмыс қолға алынып, жолдарды ағымды жөндеу, ауыл ішін абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылды. Өткен жылы Дауров көшесі жөнделіп, жаңадан бой көтерген полиция бөлімшесінің ғимаратына баратын жолға асфальт төселсе, бірқатар көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Булар батыр ауылында бағдаршам орнатылса, Сортөбеде 2 бағдаршам жөнделіп, округте жалпы 96 жол белгісі орнатылды. Осындай есепті кездесулерде жылда көтеріліп келген басты мәселе – жаңа аурухана салу болатын. Биыл халықтың тілегі орындалып, заманауи аурухананы халық игілігіне беру жос-парлануда екен.
Осы жаңалықтан бөлек аудан әкімі Булар батыр ауылында спорт алаңшасы салынатынын, сонымен қатар алдағы уақытта дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарымен бөлісті. Жиында Бегзат Сейсенқұлұлы биыл Сортөбе ауылының бас жоспары жасалатынын атап өтті.
— Жылда сіздер заңсыз салынған құрылыстарды заңдастыру бойынша мәселені көтеріп келесіздер. Осы жылы бұл мәселенің түбегейлі шешімі табылады. Әрбір құрылыс нысаны заңдастырылады. Алайда, алдағы уақытта құрылысты заңсыз жүргізуге жол берілмейтінін ескертемін. Биыл осы «колхоз» аймағына баратын 45 шақырымдық автожол жөнделеді, сонымен қатар Қарақоңыз суқоймасын кеңейту жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар осы аймақтағы тұрғындардың игілігі үшін жасалуда. Егер де қандай да бір шеше алмай жүрген проблемаларыңыз болса, аудан әкімдігінің есігі әрдайым ашық, – деген аудан әкімі тұрғындардың қойған барлық сұрақтарына жекелей жауап берді.
Осыдан кейін ауыл ақсақалы Губар Паншаров сөз алып, барлық тұрғындардың атынан ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар үшін алғысын жеткізді.
Еркін ҚАТБЕКОВ