Сортөбеде «Имамдар үйі» ашылды

0

Бейсенбі күні Сортөбе ауылында «Имамдар үйі» атты орталық ашылды. Ашылу салтанатына өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының басшысы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, елімізге белгілі дінтанушы, ҚМДБ фатуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров және де өзге дін өкілдері қатысты.

Қадірлі қонақтарды аудан әкімі Рүстем Дәулет қарсы алып, ең әуелі «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында арнайы жиын өткізді. Оған ауданымыздың ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Жиында Наурызбай қажы Тағанұлы Хазрет Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының жұмысы жайында баян етіп, дін саласына қатысты өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Өз сөзінде Бас Мүфти ислам діні – ата-бабамыздың ұстанған хақ жолы екенін атап, бүгінгі күндегі дінді насихаттау және діни сауаттылықтың маңыздылығы жайлы сөз өрбітті. Сонымен қатар, Нау-рызбай қажы биылғы жылы бүкіл республика көлемінде атқарылған қайырымдылық істерді айтып, соның бір жалғасы ретінде аудандық аурухана басшысы Зәуреш Қадырбековаға екі дана өкпені жасанды желдету аппаратын Мүфтияттың атынан тарту етті. Жергілікті тұрғындардың атынан ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай сөз сөйлеп, еліміздегі дәстүрлі дінді насихаттап жүрген дін өкілдеріне және астанадан арнайы келген Бас Мүфтиға алғысын жеткізді.

Осыдан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған қонақтар Сортөбе ауылына жол тартты. Жалпы, соңғы уақытта ауданда дін саласына және де тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Биылдың өзінде қазақ тілін үйрететін оқу орталықтары жұмысын жандандырса, бүгінде Сортөбе ауылында «Имамдар үйі» ашылды. Бұл орталықта имамдар бас қосып, жұмысқа қатысты мәселелерді талқылайтын болады. Бастысы – өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету дәрістері де осында ұйымдастырылмақ. Қасиетті Құран сүрелерін оқумен басталған ашылу салтанатына аудан имамдары және ауыл тұрғындары қатысты.

— Бүгін біз халыққа қызмет жасайтын қасиетті үйдің ашылуына келдік. Біздің ниетіміз – имамдарымыз білімді және сауатты болса екен дейміз. Білікті имамның артынан халық ереді, елдің бірлігі және ынтымағы нығаяды. Осы ғимараттың ашылуына үлес қосқан, жүрегі кең азаматтарға Алла разы болсын, – деген Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған көпшілікті құттықтады.

— Құрметті жиналған қауым! Бүгінгі ашылып отырған имамдар үйінің діннің ақ жолын уағыздауға, жастарды адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеуге өз үлесін қосатынына сенім мол. Бүгінде осындай орталық ашып, дініміз бен дәстүрімізді насихаттауымыз – тәуелсіздігіміз бен бірлігіміздің арқасы. Еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайтуға өз үлесін қосуды мақсат еткен бұл орталық ел үмітін ақтап, ауданның жастарына дұрыс жолмен жүріп, адаспауына қызмет атқара беруіне тілектеспін, – деген Рүстем Дәулет ғимараттың лентасын қию рәсімін Бас Мүфтиге ұсынды.

«Имамдар үйінде» оңал-ту, бейбітшілік пен келісім бөлмелері, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету сыныбы, дәрісхана, кітапхана, медициналық пункт және мәжіліс залы қарастырылған. Бұдан бөлек асхана, жуы-ну бөлмелерімен қатар меймандарға арналған жатақхана да бар. Жалпы ғимарат заманауи стандартқа сай салынған. Іші толығымен дерлік жиһазбен жабдықталған. Алдағы уақытта «Имамдар үйінде» оңалту бөлмесі өмірлік, отбасылық қиын жағдайға түскен жандарға қолдау көрсетумен айналысады деп жоспарлануда. Ондай азаматтарға осында келіп мамандардан кеңес алуына мүмкіндік жасалған. Ауданның бас имамы Дәурен Құттыбаевтың айтуынша, ғимараттың ашылуына қарапайым тұрғындардың қаражаты септігін тигізді.

Сонымен қатар, Наурызбай қажы Тағанұлы Масаншы ауылындағы «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығына барып, білім ордасының жұмысымен таныс-ты. Оқу орталығының директоры Ғалымжан Шерниязов дәріс сыныптарымен таныстырып, жалпы оқу барысы жайында баяндап берді. Іс сапарының соңында Бас Мүфти елімізге оралған отбасының үйіне арнайы барып, тұрмыс жағдайымен танысты.

Еркін Қатбеков

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.